Қазір Алматыда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулігіне 270 патрульдік экипаж қызмет атқарады. Оған қоса 9,5 мыңға жуық камераны біріктіретін 1600-ден астам «Сергек» кешені жұмыс істейді. Десе де, жол ережесін бұзатындар азаяр емес. Оған дәлел, жақында Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты. Автокөлік жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, өрімдей үш жас мерт болды. Осы оқиғадан кейін қала әкімі Дархан Сатыбалды жиын өткізіп, жауаптыларға жолдағы тәртіпті күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша мегаполисте жыл өткен сайын автокөлік көбейіп келеді. Бұл инфрақұрылымға шамадан тыс жүктеме түсіреді. Сондықтан жаяу жүргіншінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аудару қажет.
Дархан Сатыбалды, қала әкімі:
-Бұл жағдай жол қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін айқындап, аталған бағыттағы жұмысты жүйелі түрде күшейтіп, қатаң бақылауға алу қажеттігін көрсетіп отыр. Біз үшін ең басты міндет тұрғындарымыз бен қала қонақтары үшін үшін қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру.