Биылдан бастап ауылдық округтердің бюджет көлемі кеңейтіледі. Президент тапсырмасына сәйкес, Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ енді ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болады.
Түркістан облысындағы Қарнақ – дербес бюджеті бар ауылдардың бірі. Қазына қаражатымен былтырдың өзінде балалар ойын алаңы мен бірнеше көшеге жарық шамдар орнатылып, жолдар жөнделген. Биыл атқарылуы тиіс жұмыстар да аз емес. Соның ішінде, Құсшы ата елді мекеніне де көңіл бөлінеді. Ауыл әкімі Асыл Жамалбектің айтуынша, азын-аулақ қаражат әлі де ауылдың аяқтан нық тұруына жеткіліксіз. Сондықтан бүлінгенді бүтіндеп, жарамсызды жөндеуге жұмсайтын қаржы қолжетімді болу үшін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін әлі де жетілдірсе деген ниеті бар.
Асыл Жамалбек, Қарнақ ауылының әкімі:
-2019 жылы біздің бюджетіміз 21 млн теңге болды. Биылға жоспарымыз 76 млн теңге жетті. Енді ол бюджеттік салымдар өзіміздің ауылдың трансферттен, диқандардан, кәсіпкерлерден түседі. Биылғы 76 млн теңгеге көше жарықтандыруына, елді мекеннің ішкі көше орамдарына тас төсеуге, абаттандыру және Қарнақ ауылының орталығын безендіру мақсатымыз да бар биылғы жоспарда.
Енді ауыл-аймақтың қаржылық дербестігі күшейетін болады. Мәслихат депутаттарының 3-ші республикалық форумында Президент бұл ретте Үкіметке тапсырма бергенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 мрлд теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллимон теңгеге жетті. Бұл жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады.
Бүгінгі күні елімізде дербес бюджеті бар аудандық маңыздағы 2338 қала, кент және ауылдық округ бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың қазынасына шамамен 442 млрд теңге түскен. Қаржы негізінен көлік, мүлік, жер, жеке табыс салықтары мен айыппұлдардан құралады. Ал жұмсау абаттандыру, көгалдандыру, ойын алаңдарын салу және жол жөндеу мен су жүргізу секілді істерге бағытталады. Енді Президент тапсырмасына сәйкес, округтердің дербес бюджетін ұлғайту көзделіп отыр.
Мақсұт Құрықбаев, ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары:
-Біздің қазір жоспарда бар бұл заңды тұлғалардан және жеке кәсіпкерлерден түсетін мүлік салықтың бір бөлігін ауылдарға беру. Яғни аудандық мәслихаттың шешімімен солар айқындап, бір бөлігін ауылдарға беретін боламыз. Екіншісі, бізде лицензиялық алымдар бар. Оны да ауылға беру жоспарланып отыр. Айыппұлдардың бір бөлігін де ауылдарға беру мәселесін қарастыру бойынша тапсырмамыз бар. Егер осылардың бәрін беретін болсақ, ауылдың бюджеті жеке өзінің табыс салығы 2,5 есе артады деп жоспарлап отырмыз.
Мамандар ауыл бюджетінің дербестігі жергілікті жердің бірқатар мәселесін шешуге септігін тигізетінін айтады. Бірақ бәрібір ауқымды істер атқаруға аздық етеді дейді. Себебі қазынадан жұмсалуы тиіс оннан астам бағыт бар. Сондықтан оған түсімді көбейтіп жоғары деңгейдегі бюджеттерге тәуелділікті азайту шаралары қолға алынса деген пікірде.
Нұрсұлтан Ерболатұлы, сарапшы:
- Ұлттық статистика бюросы бойынша қазір 6200-ге жуық ауыл бар. Оның орташа бюджеті әр ауылдың шамамен 190 миллион теңге. Бұл ауыл үшін өте аз. Ауылдың бюджеті көп болу үшін ауылдағы шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылық өнімдері, диқаншылардың табысы өсу керек. Кәсіпкерлер даму керек.
Бұл мәселеге қатысты қазір талқылау жүріп жатыр. Негізгі іс-шара бюджет кодексі аясында жүреді. Онда аудандық маңыздағы қала, кент және ауылдық округтердің қазынасына қосымша қаржы түсіретін тетіктер қаралмақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбай