Ақтөбе облысында Үкімет резервінен бөлінген қаржыға жаңа балабақша ашылды. Ойыл ауданында бой көтерген «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасы 150 балаға арналған. Нысан су тасқынынан зардап шеккен білім беру ұйымдарын қалпына келтіру жөніндегі Президент тапсырмасы аясында салынған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған балабақшада балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына толық жағдай жасалған. Іс-шара барысында балабақша меңгерушісіне символикалық кілт табысталып, ауыл ақсақалдары батасын берді.
Гүлмира Садақбаева, Ойыл ауданы білім бөлімінің басшысы М.А. :
-Бүгін Ойыл селосының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Жаңа заман талабына сәйкес 150 орындық «Балбұлақ» бөбекжай бақшасы пайдалануға берілді. «Балбұлақ» бөбекжай бақшасының ойын алаңдары, ойын бөлмелері барлығы да заман талаптарына сәйкес жасақталған. Бұл бөбекжай бақшада 9 топ бар. Және бөбекжай 1 жастан бастап тәрбиеленушілерді қабылдауға дайын.