Қарағанды әуежайына дейінгі жол бойындағы 90 гектар аумақ келешекте жасыл белдеуге айналады. Бұл жоба өңірдегі ауқымды көгалдандыру жұмыстары аясында жүзеге асырылады. Арнайы тұқымбақты өсірілген өлкенің ауа райына бейім ағаш көшеттері саябақтарға, көшелерге және аулаларға егіледі. Қазір қала іргесіндегі орман қорында да жұмыс қыза түскен.
Бұл тұқымбақта өңірді көгалдандыруға жіберілетін көшеттер өсіріледі. Қазір оларды біртіндеп қазып алып, арнайы сақтау орнына қояды. Мұнда бүршік жарғанға дейін 10 күндей ұстайды. Сосын орман алқабына егеді. Биыл 2 миллионнан астам қарағаш пен үйеңкі көшетін егу жоспарланған.
Эдуард Крюков, Орманды қалпына келтіру және орман өсіру жөніндегі инженер:
- Үйеңкі мен қарағаш біздің өңірдің ауа райына бейім ағаштар. Көп күтім қажет етпейді. Сондықтан ағаштың дәл осы түрлері таңдалды. Тұқымбақта бұл ағаш көшеттерінің қоры жеткілікті. Біртіндеп орманға егіп жатырмыз.
Тұқымбақ аумағы 41 гектар. Қазір оны 80 гектарға дейін кеңейту жұмысы басталып кетті. Бұл келешекте көшеттерді екі есеге көп егуге мүмкіндік береді. Мұнда жапырақты ағаштармен қатар қарағай да өсіріледі.
Гүлнұр Қозтаева, орманшы:
- Бізде орманшылықта тұқымды жинайды барлықтары. Оған инспекторлар да кіріседі. Тонналап жинаймыз ғой. Сосын соны егеміз күзде. Көктемде, енді екі жылдан кейін қазып алынады ғой ол. Екі жылға дейін ол бапталып, арамшөптері жұлынып, суарылып, сосын екі жылдан кейін барып өзіміздің егілетін жерлерге егіледі.
Тұқымбақта үлкен жылыжай кешені салынады. Ол үшін қажетті қаражат бөлінген. Жылыжайда арнайы құнарландырылған топыраққа көшеттер егіледі. Ол көшеттер кейін тамырындағы топырағымен бірге орман алқабына егіледі. Бұл олардың тез жерсінуіне сеп болады.
Көгалдандыру тек орман алқаптарында ғана емес, жол бойында, сондай-ақ қалалар мен ауылдық елді мекендерде де жүргізіледі. Мысалы, Қарағанды әуежайына баратын тас жолдың бойындағы 90 гектар аумақты жасыл белдеуге айналдыру жоспарланған. Бұл жерге 300 мың үйеңкі мен қарағаш көшеті және 3 мыңнан астам шынар теректер егіледі. Сондай-ақ Қарағанды -Теміртау жолы мен Алматы бағытына шығатын тас жолдың бойы да жасыл желекпен көмкеріледі.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит