Алматы хайуанаттар бағында қаңтар айында туған амур жолбарыстарына ат қойылды. Енді кішкентай сарымақтар Алан, Арлан және Тарлан деп аталады. Олардың ата-енесі - таза тұқымды Бентли мен Ярга атты амур жолбарыстары. Алғашқы апталарда шөнжіктер аналарымен бірге адам көзінен тасада болды. Мамандардың айтуынша, ұрғашы жолбарыс қызғаншақ келеді. Сыртқы жағымсыз әсерден мазасы кетіп, тіпті сүті тартылып қалуы мүмкін. Шөнжіктерге керекті екпелері салынды. Көктем басталғалы күншуаққа шығарылды. Салмақ қосып, бойлары өсіп келеді. Ет пен сүйекке де қызығушылық таныта бастаған. Зообақ қызметкелері ат қою мәртебесін алматылықтарға тапсырған. Осылайша тұрғындар ұсынған ең әдемі есімдер таңдалыпты.
Юлия Дудкина, Алматы хайуанаттар бағының мал дәрігері:
- Бұл жолы Алан, Арлан және Тарлан есімдері басым түсті. Біз әзірге оларды түрлеріне қарап ажырата алмай жүрміз. Уақыт өте келе жолбарыс күшіктері өздеріне күтім жасайтын қызметкерлерге үйрене бастайды. Сол кезде біз олардың сыртқы келбетіне, мінезіне және жүріс-тұрысына қарап, қайсысы Алан, қайсысы Арлан, ал қайсысы Тарлан екенін нақты анықтай аламыз.