Су ресурстары және ирригация министрлігі тасқын суын қабылдап, қауіпсіз өткізу үшін еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық өңірлеріндегі ірі су қоймаларынан су жіберуді жалғастырып жатыр. Қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы «Сергеев» су қоймасы толуға жақын. Синоптиктердің соңғы мәліметі бойынша судың бөгет үстімен төгілуіне 2-ақ сантиметр қалды. Биыл гидрологиялық нысан 2,6 миллиард текше метр су қабылдайды деп жоспарланып отыр. Өңірде күннің күрт жылынып, Есіл мен өзге де кіші өзендер көтеріле бастады. «Бірақ әзірге одан қауіп жоқ», - дейді мамандар. Төтенше жағдайлар қызметкерлері көктемгі тасқынға байланысты 112 елді мекенді бақылауға алды. Қауіпті деген аймақтарда құтқарушылар мен сарбаздар жұмыс істеп жатыр.