Еліміздің машина жасау саласының дамуы тұрақты. Тек өткен жылы 6 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, 18 пайызға дейін өсімді көрсеткен. Тың технологияларды игеру үшін отандық кәсіпорындар шетелдік компаниялармен ынтымақтасуға дайын. Бұл туралы бүгін Астанадағы ашылған «Kazakhstan Machinery Fair 2026» халықаралық көрмесінде айтылды.
Машина жасау және металл өңдеу саласына арналған халықаралық көрме біздің елде осымен 7-ші рет өткізіліп отыр. Технологиялық кезеңге қадам басқан Қазақстан үшін бұл шараның маңызы өте зор. Ал көрмеге әлемнің 19 елінен 250-ден астам компания қатысып, өз шешімдерін ұсынды.
Бұл өндірушілер мен технологияларды тұтынушыларды біріктіретін алаң. Жыл сайын мұндай көрме инженерлер мен технологтар және өнеркәсіпті роботтандыру саласының мыңдаған сарапшысын жинайды. Себебі мұнда отандық, шетелдік компаниялар металл өңдеу жабдықтарынан бастап, логистика саласына дейінгі тың дүниелерін ұсынады. Кәсіпорындарды автоматтандыруға машықтанған Уәлихан Коппаров көрмеге екі бірдей жаңа дәнеркерлеуші роботтарын алып келген. Оның бірі тек бір маманның ғана көмегімен көп жұмыс тындыра алады.
Уәлихан Коппаров, металл өңдеуші компанияның техникалық директоры:
-Оператор келеді, керек нүктелерді қояды, сварканың програмасын таңдайды, старт басады. Робот өзі керек траектория бойынша керек шовтарды өзі сваркілеп береді. Мысалы, қазір сварщиктер аз. Сапалы жасайтын сварщиктер одан да аз. Ал мына роботтар әрқашанда бір қалыпты сапамен, бірқалыпты жылдамдықпен жасайды.
Ал көлік шығаратын отандық кәсіпорындарға қажетті бөлшек түрлерін енді өзімізде өндіру қарқын алмақ. Бүгінде автомобильге қуаттаушы батареялар, шиналар, дөңгелек дискілері өндірілсе, биыл тағы бірнеше жоба іске асады.
Сұлтан Бекмағамбетов, зауыт жұмысшысы:
-Қуаттаушы батареялар, шиналар, алюмин дискілер Талдықорған, Павлодар қалаларында өндіріледі. Енді қалған бөлшектерді Корея және Өзбекстанда өндіретін болады.
Бізде көптеген компоненттер қазіргі таңда локолизация орталығында оқшаулануда, жиналып тұр. Біз оны жасағаннан кейін, оны бастағаннан кейін көптеген компоненттер осы жақта өндіріліп, біздің Қазақстан және басқа шетел елдермен қоса, арнайы осы бөлшектер өндіріледі және біздің машиналарымызда орналастырылады.
Көрмеде отандық және шетелдік компаниялар өзара байланыс орнату жөнінде әңгілесті. Белгілі болғандай, биыл нарықта ауыл шаруашылық техникалары мен жаңа көлік түрлері пайда болмақ. Ал машина құрастыру және металл өндіру саласында еліміздің көрсеткіші соңғы жылдары жақсарған.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңдеуші өнеркәсіптің негізгі салаларының біріне айналды. Оның шамамен 20% құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл бағыттағы өнімнің көлемі 6 трлн теңгеге жетіп, 18%-ға өсті. Салада 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оларда шамамен 130 мың адам еңбек етеді.
Ал саланы дамыту үшін елде 2028 жылға дейінгі кешенді жоспар бекітілген.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин