Ясауи кесенесі аумағындағы ботаникалық бақта Жапон елінің символына айналған сакура ағашы гүл ашты. Осыдан 4 жыл бұрын Ислам бағы негізінде салынған ерекше саябаққа сакураның 200 түп көшеті Германиядан арнайы әкелініп, отырғызылған. Содан бері жыл сайын сәуір айында қауызы бүр жарып, 2 аптада бойы қалаға сән беріп, жұпарын шашып тұрады. Мұнда сакураның 5 түрі бар. Оның үшеуі ақ, қалған екеуі күлгін түсті гүл ашады. Мамандардың айтуынша, сакураның бойы 8-10 метрге дейін жетеді. Гүлдері түскен соң, әдемі жасыл жапырақтары күзге дейін жайқалып тұрады. Қазақша айтқанда сакураны «жеміс бермейтін шие» деуге де болады. Өзін жайлы сезіну үшін түбіне минералды тыңайтқыштар салып, тамшылатып суарады. Қазір бұл бақ түрғындар мен қала қонақтарының сүйікті орнына айналған.