Сәуірден бастап елде бірқатар өзгеріс күшіне енеді

  • 5
  • 01.04.2026, 19:38

Сәуір айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Былтыр қазан айында коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий жарияланған еді. 1 сәуірден бастап, ол өз күшін жояды. Демек, коммуналдық қызмет ұйымдарына тарифтерді көтеруге қайта рұқсат беріледі. Енді жарық, жылу, су және басқа да қызметтердің бағасы өсуі мүмкін. Шешімді қызмет көрсетушілер жеке қабылдайды. Ең алдымен, инфрақұрылымы ескірген, жиі ақау болатын аймақтарда баға көтерілмек. 

Ал 15 сәуірден бастап екінші деңгейлі банктер мобильді аударымдар бойынша ақпаратты салық органдарына жібере бастайды. Алайда бақылауға бәрі бірдей ілікпейді. Нақты үш шарт бар. Алдымен, 3 ай ішінде 100-ден аса тұлғадан аударымдар түсуі керек. Одан бөлек сол үш айдағы барлық аударымдар сомасы бір миллион теңгеден асуға тиіс. Осы жағдайда ғана банктер салық органдарына ескертеді. Ал азамат есепшотты тек жеке мақсатта пайдаланғанын растауы тиіс. Камералық бақылау нәтижесінде нақты шара қабылданады.

Бүгіннен бастап мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі цифрлық форматқа көшеді. Бұдан былай әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс eqyzmet порталында өтеді. Ал іріктеу мерзімі 5-7 жұмыс күніне дейін қысқартылады. Іріктеудің жаңа жүйесінде эссе, сұхбат, практикалық тапсырмалар және психометриялық тестілеу енгізіледі. Мәселен, басшылық лауазымға келген үміткерлер эссе жазып, сұхбаттасу кезеңінен өтуі тиіс. Ал орындаушы лауазымдар үшін тәжірибелік тапсырмалар мен психометриялық тестілеу енгізіледі. Бұдан бөлек, үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалау енді конкурстан тыс жүргізілетін болады.

Бүгіннен сәуірден бастап жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыра аласыз. Бұл қызмет бұрынғы қолданыстағы құжат жоғалған, ұрланған немесе азамат аты-жөнін өзгерткен кезде ғана онлайн форматта көрсетілетін. Енді мерзімі өткен кезде де қашықтан рәсімдеуге болады. Ол үшін міндетті түрде медициналық тексерістен өту керек. мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізілгеннен кейін өтінім беру кезінде дәрігерлер берген анықтама автоматты түрде жүктеледі.