Елордада қазақстандық көшбасшы жастарға арналған семинар-тренинг басталды. Семинарға еліміздің әр өңірінен келген жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысып жатыр. Олар үш күндік оқу барысында басқару дағдыларын жетілдіріп, жасанды интеллект пен медиа саласындағы жаңа мүмкіндіктерді меңгереді. Бағдарламада тәжірибелік сабақтар, тренингтер және экскурсиялар қарастырылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар өңірлердегі жастар саясатын дамытуға серпін береді. Айта кетейік, елімізде қазір 236 жастар ұйымы жұмыс істейді.
Гүлісхан Нахбаева, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
-Мемлекеттік және жастар саясат мектебі құзыреттілікті арттыруға бағытталған. Бүгінгі күнгі зумер және альфа ұрпақ мүлде басқаша. Олар технологиялық, бейімделгіш, өзінің жеке шекарасына құрметпен қарайды және онлайн жұмыс істегісі келеді. Біз олардың сұраныстарына қарай бағытталып, байланыс стратегиясын құра білуіміз қажет.