Алматыда Шөмішбай Сариевті еске алу кеші өтті

  • 9
  • 01.04.2026, 21:46

Өмірін өлеңмен өрнектеген тұлға. Қазақтың белгілі ақыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын медаль сыйлығының лауреаты Шөмішбай Сариев көзі тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді. Осыған орай Алматыда ақынды еске алу кеші өтті. Іс-шара барысында әдебиеттанушылар мен қаламгерлер қара сөзден кесте тігіп, өлеңі әнмен өрілген өр тұлға жайында естеліктермен бөлісті.

«Шөмішбай қос қанатты ақын. Біріншісі, лирикалық жырлары болса, екіншісі ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақынның қос қанатына айналған» деп ақын Ғафу Қайырбеков жоғары баға берген. Оның 500-ге тарта өлеңі қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болды.  «Атамекен», «Домбыра», «Боз жорға», «Сарыарқа», «Қарағым-ай», «Еркеледің сен», «Аралдан ұшқан аққулар», «Ойлайсың ба, сен», «Аяулым» сияқты туындылар әлі күнге дейін әншілердің репертуарынан түскен емес.

Жұмагүл Сариева, Ш. Сариевтің жары:

-Барлық әні ерекше. Бірақ сол енді Аяулым деген әні қатты ұнайды. Бәрі айтады өзіңізге арнаған шығар деп. Шөкең айтатын бүкіл жазған әндерім саған арналған деп. Сондықтан мен солай қабылдаймын

Жазушы Смағұл Елубай Шөмішбаев Сариевтің курстасы. Екеуі қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде бірге оқыған. «Курста талантты қыз-жігіттер көп болды. Бірақ солардың ішінде ол өзгелерден озық тұрды. Сол тұстағы поэзия әлемін бір Шөмішбай толтырып тұратын»,- деп еске алады.

Смағұл Елубай, Қазақстанның Халық жазушысы:

-Қарағым-айды білмейтін қазақ, қазақ емес деуге болады ғой. Жатқа біледі бүкіл халық немесе Атамекен. Үлкен композиторлардың Кеңес Дүйсекеевтің әндері ғой әйгілі әндері ғой. Сол әйгілі әндерге әйгілі сөз жаза білген ақын Шөмішбай Сариев еді.

Шөмішбай Сариевтің алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Кейін 20-ға жуық кітабы шықты. Аудармашылығы тағы бар. «Қазақстан» баспасында, «Жұлдыз» журналында еңбек етті. Бұдан соң Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 30 жылға жуық жұмыс істеп, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосты. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған.

Кенжехан Матыжанов, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:

- Шөкең сонымен қоса ғалым. 60-70 жж. қазақ поэзиясындағы лирикалық қаһарман жөнінде Шөмішбай Сариев кандидаттық диссертация қорғады. Міне осы кезеңде өзінің замандастары жөнінде сол кезеңдегі қазақ поэзиясындағы ізденістер жөнінде, жалпы қазақ поэзиясының ерекшелігі жөнінде өте жақсы ғылыми жұмыс дайындап соны қорғап шықты.

Шөмішбай Сариев осыдан 5 жыл бұрын 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Лирикалық жырлар мен ән өлеңдерін қатар өре білген қос қанатты сыршыл ақынның 80 жылдығы елімізде кеңінен атап өтіледі. Астанада ақынның шығармашылығына арналған концерт өтеді. Үлкен кеші күзге қарай Алматыда Республика сарайында ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов