Еліміздің Ұлттық Банкі өткен жылдың қазан айынан басталып бүгін аяқталған тарифтердің өсу мораторийінен соң коммуналдық төлемдер мен жанар-жағармай бағасының күрт өсуін құптамайды. Бұл туралы Мәжілісте еліміздің бас банкирі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Ол мораторийге қатысты кез келген шешім қазіргі инфляцияны ескере отырып қабылдануы тиістігін атап өтті. Бұған дейін ел арасында тарифтер 20-30 пайызға дейін қымбаттайды деген болжамға үзілді-кесілді қарсы екенін білдірді. Тимур Сүлейменов Ұлттық Банктің ұстанымын атап өтті. Баға күрт өспеуі керек. Айтпақшы ол ел азаматтарына жиған терген ақшалай қаражаттары болса, оны долларда емес, теңгеде сақтауға кеңес берді. Айтуынша еліміздің ұлттық валютасы былтырдан бері өзінің тұрақтылығын көрсетіп келеді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Баға өсіп, бағам құбылғанда әрине бізге ұнамайды. Яғни теңге құнының төмендеуі немесе жоғарылауы экономикалық құбылыстарға байланысты. Мәселен, қазір теңге тұрақты. Себебі негізгі экспорттық өнім мұнай десек, оның бағасы өсіп жатыр. Өндірілген көлем өзгерген жоқ, құны жоғарылады. Тиісінше экспорттық түсім жоғары. Ол біздегі валюта нарығының өсіміне ықпал етеді. Нәтижесінде доллар бағасы төмендеп, теңге күшейе түседі.