10 жылда білікті маман тапшы болуы мүмкін

  • 8
  • 01.04.2026, 21:45

Алдағы 10 жылда Қазақстанда білікті маман тапшылығы туындауы мүмкін. Бүгінде экономиканың негізгі салаларында еңбектеніп жүрген кәсіби кадрлардың жасы 40 пен 59 жас аралығында. Олар елдегі жұмысшылардың тең жарымын құрап отыр. Отандық кадр мәселесіне тереңірек үңілу үшін Үкімет ауқымды сауалнама жүргізген еді. Оған 73 мыңнан астам отандық кәсіпорын қатысты. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Жүргізілген талдау нәтижесінде білім беру мен кадр даярлауда қордаланған мәселенің бар екендігі айқындады. Атап айтқанда, өңірлердегі еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныстың арасында алшақтық бар. Мысалы, Ақтөбе облысындағы аграрлық салаға 800 маман қажет. Алайда оқу орындары бұл сұранысты қамти алмай отыр. Ал небары 351 IT маманы керек болатын Қарағанды облысында қажеттіліктен жеті есе көп студент оқытылып жатыр. Сондықтан жоғары оқу орындарына қабылдау және іріктеу тетіктерінен бастап, кадр даярлаудың барлық кезеңі түбегейлі өзгертіледі. Бұған қоса түлектерді жұмысқа орналастыру және біліктілігін арттыру жүйесі де жаңаруы тиіс.