Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдар жөнделеді

  • 14
  • 02.04.2026, 21:49

Көктем келіп, қар ерісе болды, жолдар ойдым-ойдым шұңқырға айналады. Павлодар облысында жүргізушілер ой-шұңқыры көбейген көшелерде көлікпен жүру қиындап кеткенін айтып отыр. Жауапты мамандар болса республикалық маңыздағы жолдардың жай-күйі тексереміз дейді.

Еріген қар суынан көлік жолдарына биыл да залал келді. Әсіресе республикалық маңыздағы күрежолдардың бүлінген жері көп. Жүргізушілер ой-шұңқыры көп жолда көлік жиі бұзылып, тұрып қалатынын айтып, әлеуметтік желіде жариялап жатыр. 

Жол-техникалық инспекциясы жыл басынан бері аймақта 470 жолдың жай-күйін тексеріп, нәтижесінде бірнеше жауапты тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Анықталған ақауларды жою жұмыстарының тым ұзаққа созылмауын полиция жіті бақылап отыр.  

Арман Қарыбаев, ПД Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің аға инспекторы:

- Жолдардың күтіміне жауапты мекемелерден 8 адамға әкімшілік шара қолданылды. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына бақылау кезінде анықталған ақаулықтарды жедел жоюға нұсқаулық жолданды.

«ҚазАвтоЖолдың» дерегінше, жолдардың мерзімінен бұрын тозуына тікелей әсер ететін бірнеше фактор бар. Мәселен, ауа райы құбылмалы өңірде көлік қозғалысы тым қарқынды. Әсіресе жүк таситын ауыр машиналардың көптігінен бүлінеді. Жол мамандары көктем басталған бойда бақылау жүргізіп, жөндеуді қажет ететін аумақтарды белгілеп шығыпты.

Қизат Жақыпов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары:

-Республикалық желі жолдарын қарау барысында жол белгілерін ауыстыру және жөндеу, ой-шұңқырларды бітеу жұмыстары жасалатын жерлер белгіленді. Бүгінге дейін жалпы көлемі 21,5 мың шаршы метр болатын аумақта бақылау жүргізілді. Қалпына келтіру жұмыстары мамыр айында аяқталады.

Қазіргі уақытта жолдарды жөндеу жоспарланған кесте бойынша жүріп жатыр. Мамандар ақау анықталған күрежолдар бірінші кезекте қалпына келтірілетінін айтады. 

Талғат Исламұлы, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков