Ақмола облысында жалпы ұзындығы 12 шақырым болатын 34 жол учаскесін су басу қаупі бар. Қазір жолға жауапты мекеме алдын алу жұмыстарын күшейтті. Су өткізетін құбырлар қар мен қоқыстан тазартылып, қиыршық тас төселіп жатыр. Бұл тасқын қаупін қаншалықты сейілтеді?
Көкшетау мен Атбасардың арасындағы автожолда 74 су өткізетін құбыр бар. Соның бесеуі қауіпті аумақта тұр. Қазір жолға жауапты мамандар негізгі күшті осындай жерлерге жұмылдыруда.
Айдабол ауылы маңындағы су өткізу құбыры - осы. Еріген қар осы жерден Жабай өзеніне құяды. Қазір құбырдағы қар толық тазартылып, жағасы қаптармен нығайтылған.
Мамандар наурыз айынан бері барлық құбырды қардан тазартты. Енді жағасына құм төгіп, бөгеттерді бекітіп жатыр.
Жақсылық Ахметқалым, жолға жауапты мекеменің бас инженері:
- Бүкіл құбырлар тазаланды. Онға жуық техника жұмылдырылды. 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Иннертті материалдар жеткілікті.
«Өңірде күн жылығанымен, қар көбесі әлі сөгіле қоймады. Сондықтан арқаны кеңге салуға ертерек»,-дейді жауаптылар. Олар қауіпті учаскелерді бақылауда ұстап отырады.
Шәмшіхан Ахметжанов, жолға жауапты мекеменің қызметкері:
-Көктем жақындаған сайын қауіпсіздік шараларын күшейтеміз. Қауіпті учаскелерге арнайы жол белгілерін орнатамыз. Алқаптардағы еріген қар суының деңгейін де қадағалап отырмыз. Әзірге жағдай тұрақты. Жолдарды шайып кету қаупі жоқ.
Су өткізу құбырлары тазартылды.
«Облыс аумағындағы тасжолдарда мыңнан астам су өткізетін құбыр бар. Нысандарды кезең кезеңмен жаңартып тұрамыз»,- дейді мамандар. Соңғы 3 жылда 40 құбыр күрделі жөндеуден өткен. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Рүстем Әбілов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары:
- 2026-2027 жылғы жоспар бойынша 38 су өткізу құбырын қалыпқа келтіруді көздеп отырмыз. Әсіресе, тасқын қаупі жоғары жол учаскелеріне ерекше басымдық беріледі. Бұдан бөлек, төрт көпірді жөндейміз. Жол бойындағы барлық нысан, көпірлер мен су өткізу жүйелері тұрақты бақылауда.
Бұған дейін өңірде бірнеше елді мекеннің жолын су шайып кеткен еді. Қазір ауылдардағы жағдай тұрақталып, қираған жолдар қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы жолдағы жағдайды қадағалау үшін 800-ге жуық маман, 491 арнайы техника жұмылдырылды.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный