Ол осыдан 5 ай бұрын дәл «Хабар» агенттігінің құрылған күні әкелінген. Осыған дейін ел көзінен тасада ұсталған. Енді жеке торға шығарылмақ.
Риддер жақта енесінен ажырап әбден әлсіреген қонжық өткен күзде Өскемендегі хайуанаттар бағына жеткізілген еді. Күйі кеткен жыртқышқа бірден күтім көрсетілді. Орталыққа түскен күні «Хабар» агенттігінің мерейтойымен тұспа-тұс келген соң ол «Хабар» деген атты да еншіледі.
Содан бері бес ай өтті. Түз тағысы қызметкерлердің арқасында қыстан қоңды шықты.
Қонжыққа қыс бойы азықпен қатар тиісті дәрумендер де берілген. «Келген кезде бар болғаны 15-20 келі салмақта болған. Қазір 100 келіден асады. Адамдарға да көзі үйреніп қалды дейді»,- мамандар.
Жұмағали Кәдірбаев, ветеринар:
-«Хабар» өсіп келе жатыр. Енді алдағы уақытта көреміз қандай жағдайда болады. Мінезі қатты өзгерді деп айта алмаймын. Өйткені жас кезінен далада өскен, дегенмен кішкене жұмсарып келе жатыр, ақырындап адамға деген үйренісі пайда бола бастады.
«Хабардың» жағдайы жақсы екенін оның қысқы ұйқыға кеткенінен де байқауға болады»,- дейді зообақ биологы Юлия Шалимова.
Юлия Шалимова, биолог:
- Келе сала күн сайын жақсы күтімде болды. Содан болар 10 күн ұйқыға кетіп қалды. Інінен шыққан кезде тіпті танымай қалдық. Бұрынғы арып ашқан қонжықтың орнына томпиған, белсенді жыртқышты көріп таң қалдық.
Бұл өзгерістен соң қызметкерлер түз тағысына мейлінше кең әрі жайлы орын дайындауға кірісіп кетті.
Енді екі аптадан соң қонжық мына жеке торға шығарылады. Бұл жерде жайлы жағдай жасалып бассейн де салынып жатыр. Осыған дейін қонжықты тек хайуанаттар бағының қызметкерлері көріп келсе енді ол ел назарына ұсынылады. Сөйтіп «Хабардың» өсіп жетілгенін бұдан былай қарапайым тұрғындар да тамашалай алады.
100-ден аса аң-құс күтімге алынған зообақта қазір жұмыс қауырт. Торлар мен жолдардағы қар тазаланып, жазға дайындық басталды.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов