Астанада отандық машина жасаушылардың ХІІІ форумы өтті

  • 8
  • 03.04.2026, 21:33

Отандық кәсіпорындарда жаңа технологияны қолдану негізгі үрдіске айналады. Атап айтқанда цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізуге баса мән беріледі. Бұл туралы бүгін отандық машина жасаушылардың 13-ші форумында айтылды. Жиынға қатысқан Премьер-министр Олжас Бектенов зауыттарда жинақтап құрастырудан өзге, инженерлік шешімдерді әзірлеудің маңызды екенін айтты. Форым 20-дан аса елден келген мамандардың басын қосты.

Машина жасаушылар форумына 1300-ден астам делагат келді. Оның ішінде, Қытай, Австрия, Германия, Италия секілді техникасы мен технологиясы мықты елдердің өкілдері де бар. Форумға қатысқан Үкімет басшысы Қазақстанның бұл салада жетістігі барын жеткізді.

Елде 4 мыңнан астам кәсіпорын бар, онда 130 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Өткен жылы өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, 13% өсімді көрсеткен. Салаға 376 млрд теңге инвестиция салынған. Олжас Бектенов экономиканың тұрақты өсуінің негізіне айналған жаңа ата заңның қабылданғанын да атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Қоғамның белсенді қолдауымен референдумда жаңа Конституция қабылданды. Әрқайсымызға мәлім экономиканың және қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік беретін Конституцияның негізгі авторы - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Аса маңызды құжат ұлтымыздың ұзақмерзімді даму бағдарын айқындап, Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді.

Қол жеткен жетістікті сақтап еселей түсу басты міндеттер қатарында. Форум барысында саланы одан әрі дамытуға қатысты мемлекеттің қолдау шараларынан өзге, отандық және шетелдік мамандардың пікірлері айтылды. Атап айтқанда, өнеркәсіптік робототехниканы дамыту, өндірісті роботтандыру, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жайы сөз болды. Салаға қажетті мамандар дайындау мәселесі де назардан тыс қалмады.

Жаңабай Бекішев, зауыт директоры (Қызылорда облысы):

-Біздегі адамдардың барлығы техникалық мамандар. Оларды табу қиын. Мысалы, токарь, фрезеровщик, слесарь деген мамандар қазір өте тапшы. Біз мәселені шешу үшін қазір автоматтандыру, роботтандыру деген бүгінгі форумдағы мәселе соған көшіп жатырмыз. Мысалы, ЧПУ станоктар алып жатырмыз.Сол бағытта дамытып жатырмыз. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Қазіргі кезеңде жинақтап құрастырудан, өзіміздің инженерлік шешімдерді әзірлеуге және ел ішінде жоғары технологиялық активтерді құруға көшу үдерісін жеделдету маңызды. Өнімнің технологиялық деңгейі жаһандық бәсекелестік жағдайында негізгі факторлардың бірі болып табылады. Шын мәнінде бұл цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізу деген сөз.  

Машина жасау ісінде локализация деңгейін арттыру және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беріледі. Ал форум аясында өткен көрмеде саланың тың технологиялар паш етілді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетәлі Тілдабаев