Алдағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру 500 млн долларға жетеді. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Geoscience & Exploration of Central Asia халықаралық геологиялық форумында мәлімдеді. Айтуынша, соңғы үш жылда геологиялық барлауға 280 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Енді елордада заманауи геологиялық кластер құрылып, талдау зертханалары мен ақпарат қоры іске қосылуда. Бұл орталық кадрлық және техникалық ресурстарды біріктіріп, зерттеулерді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан минералдық әлеуеті жоғары ел ретінде инвесторлар үшін басым аймақ саналады. Себебі елде 10 мыңға жуық кен орны бар. Сондай-ақ өткен жылы сирек металдардың 800 мың тоннаға жуық қоры бар «Құйрықтыкөл» ірі кен орны ашылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Пайдалы қазбалардың қорлары бойынша халықаралық есептілік стандарттары енгізілді. Геологиялық зерттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру үшін масштабтағы геофизикалық карталарды әзірлеу қолға алынды. Геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруға да барынша көңіл бөлінуде.