Алматы көктемі ерекше. Әсіресе, өрік пен магнолия гүлдегенде қала көркі тіптен таңдай қақтырады. Сондай-ақ запырнагүлдің алуан түрі бүр жарып, қала мен тау бөктерін құлпыртып тұр. Бұл ғажап көрініс екі аптаға ғана созылады. Сондықтан табиғаттың осы бір ғажайыбын көру үшін өзге өңірлерден де арнайы баратындар аз емес.
Алматының ботаникалық бағында магнолияның 20-ға жуық түрі бар. Сирек кездесетін бұл ағаш алдымен гүлдейді. Содан кейін барып жапырақ жаяды. Ерекшелігі осында. Жанар Төлегенова Көкшетаудың тұрғыны. Таныстарынан магнолияның гүлдегенін естіп, баққа арнайы келген.
Жанар Төлегенова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Магнолияны алғаш рет көріп тұрмын. Керемет ғажайып гүл екен. Ағаш екен. Бірнеше түрлері бар екен. Ақ, қызғылт өте-өте әдемі.
Марат ақсақал Алматыда 1959 жылдан бері тұрады. Қазір жасы 83-те. Алматының көктемін ерекше жақсы көреді. «Әсіресе ағаштар гүлдегенде айнала ертегі әлеміне айналады. Жас кезімізде алма мен өрікті көшеден үзіп алып жейтін едік. Осы маңда көп ағаш болатын. Міне бүгін сол баққа айналған»,- дейді.
Марат Әубәкіров, қала тұрғыны:
- Апаларыңыз екеуіміз әдейі көрейік магнолияның қалай гүлдеп жатқанын көрейік деп келдік. Ботаникалық баққа студент кезімде келіп жүрдім ғой. Онда мұндай емес кішкентай еді. Қазір култивированный орман болып кетті. Нағыз алматылықтар демалатын жер.
Дендролог Владимир Эпиктетовтің айтуынша, ең алдымен жұлдызша магнолия гүлдейді. Ағаштар осыдан 5 жыл бұрын Германияның тәлімбағынан әкелінген. Біздің климатқа жақсы бейімделіп кетті. Тамыр жайған сайын гүлінің түсі қанық бола бастайды. Биыл әдеттегіден бір аптадай ертерек қауыз жарған.
Владимир Эпиктетов, Ботаника және фитоинтродукция институтының аға ғылыми қызметкері:
-Ауа райына байланысты кейде ерте, кейде кеш гүлдейді. Жалпы гүлдеу уақыты сәуір айының басы. Гүлдері үлкен. Көз тартады. Айналадағы өсімдіктер әлі толық оянбай, жапырақтары енді ғана ашылып жатқанда, мұнда қазірдің өзінде жаппай гүлдеуі басталып кетеді. Бірақ 1-1,5 апта ғана тұрады. Күн ысып кетсе, тез солады, ал салқындау болса, біраз уақыт тұрады.
Ал өрік ағашы биыл аз гүлдеді. Оған қыстың жылы болуы әсер етуі мүмкін. Бағбандар өрік төрт жылда бір рет мол өнім беретіндігін айтады. Десе де, жеміссіз болмаймыз.
Алматыға көктем өрік пен алша гүлдегенде келеді. Өзгелері әлі жапырақ жая қоймаған кезде ол ағаштар ақ-қызғылт түске боялып, айналаға ерекше көрік береді. Бұл әдемілік санаулы күнге ғана созылады. Жапонияда сакураның гүлдеуін тұрғындар да, туристер де асыға күтеді. Сол кезеңді ханами дейді. Алматылықтар үшін де жеміс ағаштарының гүлдеу мерзімі сол сияқты ғажап сәт.
Көктемнің алғашқы жаршыларының бірі - запырангүл. Қазір ақ, сары, күлгін-көк түсті гүлдер көздің жауын алады. Тереңқұр мен Есентай өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер жүретін жол бойында жайқала өскен. Алматылықтар бұл жерге суретке түсіп, көктемгі табиғатты тамашалау үшін арнайы келеді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев