Алматыда қазақстандық технологиялар негізінде өндірістік қалдықтардан құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт іске қосылды. Жобаны Satbayev University ғалымдары мен отандық жоғары оқу орындарының ғылыми ұйымдары бірлесіп жүзеге асырды. Ғылыми топ шикізатты іріктеуден бастап сериялық өндірісті іске қосуға дейінгі жұмыстардың толық циклін қамтамасыз етті. Жобаның негізгі ерекшелігі – жергілікті минералдық шикізатпен қатар, қайта өңделген өнеркәсіптік қалдықтарды пайдалану. Мамандар мұндай тәсіл экологиялық жүктемені азайтады дейді.
Руслан Нұрлыбаев, Ph.D. докторы, зерттеуші профессор:
-Құрғақ құрылыс қоспалар яғни 19 түрлі тауар түрін өндіреміз. Бұл жерде сменіне 100 тонна өнім шығара алады. Зауыт сонымен қатар осы 30-ға жуық қызметкерді жұмыспен қамти алады. Зауыт толық автоматтандырылған. Бұл жерде біздің негізгі тауарымыз экономикалық тиімді, экологиялық таза. Өзінің сапасы жағынан аналогтарымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы.