Ақмола облысында биыл тозығы жеткен 68 ескі үй сүріліп, орнына көппәтерлі 11 баспана салынады. Нәтижесінде мың жарымға жуық отбасы қоныстойын тойлайды. Бұл өңірде қолға алынған реновация бағдарламасының жемісі. Қазір аймақта қанша ескі баспана бар? Онда тұрғындар қалай күн кешіп жатыр?
Қазір Көкшетауда шаһар сәулетінің сәнін кетіріп тұрған осындай екі қабатты ескі үйлер көп. Олардың дені өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған. Қазір бұл баспаналардың іргетасы отырып, қабырғалары жарылып кеткен.
Дәл осындай ескі үйдің бірінде Мария Ярушинская он бес жылдан бері тұрады. Осы уақытқа дейін ол барлығын өзі жамап-жасқап келген. Соңғы кезде қабырғалары мен төбесі жамауға да жарамайтын күйге жеткен. «Оған қоса инженерлік желілері жиі сыр береді»,-дейді.
Мария Ярушинская, қала тұрғыны:
-Бұл үйде мәселе көп. Әсіресе, инженерлік желілер тозып тұр. Қазір жылу беру маусымы аяқталса, үйіміздің іші ылғалданып, қабырғалары көгеріп кетеді. Салдарынан балаларымыз ауырады.
Қазір облыс бойынша екі мыңға жуық ескі баспана бар. Соның 800-і облыс орталығында орналасқан. Тұрғындар тезірек жаңа қонысқа көшсек деп отыр. Владимир Галицкий, қала тұрғыны:
-Әр көктем мен күзді үреймен қарсы аламыз. Өйткені былтыр біздің ауламызды жөндеп, асфальт төсеп, биіктетіп кетті. Енді еріген қар суының бәрі жертөлеге кіреді. Оны өз күшімізбен тазалатып, суды сорғызамыз.
Ал жауаптылар бұқара базынасынан хабардар. Олар барлық мәселені кезең-кезеңімен шешуді көздейді. Мәселен, былтыр игі бағдарлама аясында сүрілген үйлердің орнына 10 тұрғын үй салынып, 700-ден астам адам жаңа қонысқа ие болды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
Әли Әлиев, Kokshe әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары:
-Біз осы ағымдағы жылдың басынан басталған Бурабай ауданында Щучинск қаласында бір жобамыз бар. Көкшетауда өткен жылдан бері келе жатқан екі проект іске асырылуда. Сонымен қатар біз биылғы жылы осы екі айдың ішінде тағы 11 жобаның құрылысын бастаймыз.
Айта кетейік, тұрғын үй қорының жаңартылуы барлық ауданда жүзеге асырылуда. Мысалы, биыл салынатын 11 үйдің бесеуі қаладан шалғай орналасқан аудандарда бой көтермек. Тұрғын үй жаңғырту бағдарламасына инвесторлар белсенді атсалысып жатыр»,-дейді мамандар.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный