БҚО-дан 91 мың киік мүйізі Алматыдағы қоймаға жіберілді

  • 9
  • 06.04.2026, 21:38

Былтыр Батыс Қазақстан облысында киік саны 108 мың 458 басқа азайған. Дала жануарының популяциясын реттеу кезінде 42 мың киік атып алынса, 66 мың бас ақбөкенді тор құрып ұстаған. Облыста киік етін қабылдайтын 15 кәсіпорын бар. Бір киіктің басы үшін аңшыға 5 мың теңгеге дейін төленді. Ал ішек-қарны алынған киік келісі мал сою орындарына 500 теңгеден тапсырылған. Қабылдап алғандар еттің келісін халыққа 1600 теңгеден сатады. Одан бөлек, «Охотзоопром»  91 мың 800 дана киік мүйізін таңбалап-құжаттап, Алматыдағы арнайы қоймаға жіберген. «Жиналған мүйіз биыл экспортқа шығарылуы мүмкін», - дейді мамандар. Десек те, егістікке зияны тиген дала жануарының санын реттеу мәселесі көптің көңілінен шықпай жатыр. Былтыр өңірде 460 мың бас киік аулауға лимит бөлінсе, соның тек төрттен бірі ғана орындалған.

Қайрат Қадешев, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары:

-  Былтырғы санақ нәтижесі бойынша өңірде 2 млн 300 мың бөкен есептелді. Биылғы көктемгі санақ жоспар бойынша келесі аптада, яғни 12 сәуірде басталады. Өткен жылы киік санын реттеу жұмыстары Үкімет қаулысына сәйкес шілдеде басталды. Ал биыл қаулы әзірге шықпады. Қазір дайындық жүріп жатыр. Былтырғы аңшылар бригадаларымен биыл да келісімге отырамыз.