Қызылорда облысында дәндік жүгері алқабы 15 мың гектарға ұлғаяды. Бұған дейін небәрі 2 мың гектардай болатын. Керісінше, күріштің үлесі едәуір қысқарды. Себебі су тапшылығы бар. Бұл өзгеріс шаруашылықтарға кері әсерін тигізбей ме?
Ақжарма ауылының диқандары биыл тәуекелге бел буып отыр. Шаруашылық жылдар бойы күріш еккен 600 гектар алқапты қысқартып, орнына жүгері мен мақсары егуге кірісті. Қазір жерді дайындап жатыр. Жаңа дақылды егуге бейімделу үшін арнайы техника да сатып алды. Себебі суды үнемдеу керек. Сырдарияның деңгейінің жыл санап төмендеп барады.
Қайрат Нұрсейітов, шаруа қожалығының төрағасы:
- Күрішке сұраныс азайып кетіп, баға арзандап, сұраныс та жоқ болып, оның үстіне суды өте көп пайдаланады. Соңғы екі жылда шығыны көп, пайдасы аз болып, тиімсіз болды. Жәймен-жәймен енді негізі заман талабына сай осындай жаңбырлатып, тамшылатып егін-егуге көшсек деп биыл бастап жатырмыз.
Диқандар өнімді қайда өткіземіз деп алаңдамайды. Себебі аймақта жүгеріні терең өңдейтін зауыт салынып жатыр. Жоба екі кезеңнен тұрады. Тамыз айына дейін 30 мың тонна өнім қабылдайтын қойма пайдалануға беріледі.
Шухрат Құрбанов, зауыт директоры:
- Зауыттың қуаттылығы жылына 150 мың тонна дәнді қабылдап, өңдейді. Өңдегеннен кейін 20-дан артық бізде әртүрлі заттар шығады. Ол заттар 62 пайызы шетелге экспортталатын заттар болады.
Биыл облыс бойынша жалпы 185 мың гектардан астам жерге дән себіледі. Оның ішінде күріштің үлесі 70 мың гектар. Бұл былтырмен салыстырғанда 10 мың 900 гектарға аз. Орнын жүгері басады.
Талғат Дүйсебаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Қысқарған күріштің орнына жүгері дақылының егіс көлемін біз биыл 10-15 мың гектарға жеткізуді межелеп отырмыз. Жалпы бұрынғы жылдары облыста небәрі 1 мың 700 гектар ғана жүгері егілетін дәнді жүгері. Дәнді жүгеріне қабылдайтын осы облыста болады. Сондықтан бұл жерде қабылдайтын болғаннан кейін шаруашылықтарға жүгеріне егу тиімділігі артады.
Айта кетейік, былтыр өңірде 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілсе, биыл бұл көрсеткіш 20 мың гектарға жетеді. Сонымен қатар күріш алқаптарын лазерлік тегістеу жұмыстары да қарқынды. Биыл 65 мың гектар жер осы әдіспен өңделеді. Бұл су шығынын кемінде 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин