Атырау облысындағы апатты үйлердің мәселесі қашан шешіледі?

  • 8
  • 07.04.2026, 21:39

Атырау облысы Құлсары қаласында апатты үйлердің мәселесі өткір тұр. Қазір моноқалада 89 тұрғын үй апатты деп танылған. Олардың ең ескі дегені 50 жыл бұрын салынды. Биыл қос қабатты 18 тұрғын үйді сүру жоспарланып отыр. «Жол картасына сәйкес, 2029 жылға дейін апатты үйлердің мәселесі шешіледі»,- дейді жауаптылар.

Мына үйлердің салынғанына 50 жылға жуықтады. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қазір қабырғалары жарылып тұр. Жаңбыр жауса, төбеден су ағып, тұрғындар әбігерге түседі.

Моноқаланың орталығындағы екі қабатты мына 12 үйдің жағдайы көңіл көншітпейді. Тұрғындар жыл сайын өз қолымен жамап-жасқап әлек. Жазда масаның ордасына айналады. «Қыста үйдің іші жылынбайды»,- дейді олар.

Гүлбаршын Кереева, Құлсары қаласының тұрғыны:

-Жарлары жарылып тұр. Қыста үйіміз өте салқын. Гуілдеген жел келеді. Менің үйімде бірінші топ мүгедегі бар. Өзімнің подъезіме есік салып, ақтап, сырлап, төбесін жаптым. Бірақ соның өзінде де үй өте салқын. Тұруға қолайсыз.

Жұмажан Молдабаева, Құлсары қаласының тұрғыны:

-Төбелерінен су кетіп жатыр. Потолок түсіп жатыр. Кәмелетке толмаған балалар бар. Жалпы енді ыждағаттап, мына жерді ремонттамай, бірден сносқа береміз деп жатыр ғой. Жаңадан пәтер берсе жақсы болар еді.

2023 жылы Құлсары қаласындағы 126 көпқабатты тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 98 үйдің апатты жағдайда екені анықталды. Былтыр оның 9-ы сүрілді. «Биыл тағы 18 үйді көшіру жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінген. 2026-2029 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, Құлсары қаласындағы апатты үйлердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі»,- дейді жауаптылар.

Бауыржан Сартов, Жылыой аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:

-Жол картасына 89 көпқабатты тұрғын үй енгізілді. Ағымдағы жылы Жол картасына сәйкес 18 тұрғын үйді бұзу жұмыстары жоспарланып отыр. 18 тұрғын үйге 288 пәтер жоспарланып отыр. Меншік иелеріне ақшалай өтемақысын, бағалау жұмыстарының қорытындысына сәйкес өтемақысын немесе пәтер ұсыну жоспарда бар.

Қазір өңірде апатты жағдайдағы 205 тұрғын үй бар. Оның көпшілігі облыс орталығы мен Құлсары қаласында орналасқан. Биыл өңірдегі апатты үйлерді көшіру үшін облыстық бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

 Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин