Ақмола облысының Атбасар ауданында да су тасқыны қаупі сейілді. Жабай өзеніндегі су деңгейі екі метрге дейін төмендеген. Қардың күрт еруіне байланысты осыған дейін жергілікті халықты үрей билеген еді. Оған жауын-шашын қосылып, өзеніндегі су деңгейі 3,5 метрге дейін көтерілген. «Қазіргі таңда жағдай тұрақталды. Үйлерді су басу қаупі жоқ», - дейді жергілікті билік өкілдері. Сондай-ақ былтырдан бастап өзен арнасы кеңейтіліп, түбі тереңдетіліп жатыр. Қазір бұл жұмыстар аяқталуға жақын.
Кенеш Әлімжанов, Атбасар ауданының әкімі:
-Жоба бойынша өзеннің 7 шақырым тазартып, табанын тереңдетіп жатырмыз. Қазір бұл жұмыстың 90 пайызын орындадық. Өзен арнасы бұрын 30-40 метр ғана болатын. Біз оны 120 метрге дейін кеңейттік. Осы жұмыстардың арқасында биыл су тасқыны бізде қалыпты режимде өтіп жатыр. Тасқын қаупі жоқ деп айтуға толық негіз бар.