1 шілдеден бастап самокаттар тіркеліп, жол қауіпсіздігі күшейеді

  • 15
  • 08.04.2026, 21:52

Қазақстанда жалға берілетін электросамокаттарға бірегей мемлекеттік нөмір беріледі. Заңнамадағы өзгеріс 1 шілдеден күшіне енеді. Бұл шешім самокаттарды есепке алу жүйесін реттеп, жол қауіпсіздігін арттыруды мақсат етіп отыр. Құжатта тағы қандай ереже қамтылған?  

Айгерім – екі баланың анасы. Ұл-қызы самокат мінген сайын көңілі алаң. Себебі жолда қауіпсіздікке немқұрайлы қарайтындар кездеседі. Балаларын үнемі қадағалауда ұстайтын ана, жаңа заңның қабылданғанына қуанып отыр. Оның айтуынша, оң өзгеріс ең алдымен балалардың амандығы үшін қажет.

Айгерім, Астана қаласының тұрғыны:

-  Иә, менің әр баламның жасына сай самокаты бар. Бірақ самокатпен жол апаты болған жоқ. Самокат керек дүние деп ойлаймын. Кружоктарына барып келгенге өте ыңғайлы. Осы заңнаманың шығып жатқанына қуаныштымын. Енді балаларым үшін көңілім тоқ. Алаңдамайтын боламын.  

Жаңа құжат бойынша электрлі көліктер тіркеліп, арнайы нөмір беріледі. Дерекқорда маркасы, моделі, шыққан жылы, сериясы, пайдалануға берілген күні, техникалық қызметі және тіркеу нөмірі көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс қозғалысты бақылауды жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттырады.

Альфия Айбосынова, ПД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы, полиция майоры:

-  Жасы кемінде 18 жасқа толу керек. Міндетті түрде мемлекеттік тіркеу номері болу керек. Сонымен қатар электросамокаттар жолдың оң жақ бөлігімен жүруі міндеттеледі. Жүру жолақтары болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен жаңағы қоғамдық көлікке арналған жолмен жүруге рұқсат етіледі. Электросамокаттарды пайдалануға қоятын талаптарды міндеттерді орындамаған жағдайда әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің кодексінде көрсетілген яғни 593 бап, 620 бап, 615 бап, 127 бап бойынша жауапкершілік көзделген.

Электрлі самокаттар бүгінде қала өмірін жеңілдеткен заманауи көлік. Олар уақытты үнемдеп, қозғалысты ыңғайлы етеді. Дегенмен  мамандар қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмау керектігін айтады.

Мұқағали Құдіретұлы, травматолог-ортопед:

- Ауыр жарақаттар, омыртқа жарақаттары, бас-ми жарақаттарына дейін келеді. Көп кездесетіндері ол білезік буыны, шынтақ буыны және тізе буынындағы айналасындағы жарақаттар, терінің көгеруі, жаралар, сынықтар не болмаса шығып отырады. Самокат айдайтын кезде арнайы сақтандырғыш құралдарын киіп алған дұрыс. Басқа шлем және шынтақ пен тізе буынына арнайы жапқыштар бар. Соларды киіп алған жөн.

Жаңа талапқа қатысты ел пікірін білгенді де жөн көрдік.

Енді басқару құқығы жоқ азаматтарға самокат бергендер де жауапкершілікке тартылады. Бүгінде «Сергек» жүйесінің көмегімен құқықбұзушылықты автоматты түрде анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Әр азаматтың, әр баланың өмірі қымбат. Сондықтан жүргізу мәдениетін қалыптастырған жөн. Президент былтырғы Жолдауында осылай деді. Иә, самокатты тізгіндеу жылдамдық пен еркіндік емес, ең алдымен жауапкершілік екенін ұмытпайық!