Елімізде бір жылдың ішінде 41 мыңнан аса адамды ит қапқан. Олардың тең жартысы көшедегі қараусыз, иесіз иттерден зардап шеккен. Жыл өткен сайын жануарлардың тірі жанға шабуылы көбеймесе азаяр емес. Енді бұралқы иттерді аулау тәсілі өзгеруі мүмкін. Бүгін Мәжіліс қабырғасында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы қаралды. Халық қалаулылары нендей өзгеріс ұсынып отыр? Заңнамадағы өзгеріс не береді?
Антонина осыдан 3 ай бұрын қаңғыбас иттердің шабуылына ұшырайды. Бүлдіршін үйінен қоқыс төгуге шыққанда итаршы тап беріп, қол-аяғын жарақаттаған. Ауруханада ем қабылдап, арнайы екпе де салдырыпты. Оқиға 3 ай бұрын болса да, әлі күнге қорқынышы сейілер емес. Анасының айтуынша, ол көшеге жалғыз шығуға жүрексініп қалған.
Любовь Тюклина, қала тұрғыны:
- Қызымның сол жақ аяғын қатты тістеген. Қолының астына да зақым келген. Жарақаттары толық кеткен жоқ. Әлі көгеріп іздері тұр. Үстінде күртешесі болған, соған қарамастан иттердің тісі өтіп кеткен. Бұл енді өте қорқынышты. Осы маңдағы 3 ер адам қызымның дауысын естіп, құтқарып қалыпты. Мен өзім ғана емес, осы маңдағы барлық бала үшін алаңдаймын. Себебі мектеп маңында иттер қаптап жүреді.
Ит иттігін істеген оқиға бір бұл емес. БҚО-да жыл басталғалы 600 мыңға жуық тұрғын зардап шеккен. Олардың қатарында кәмелетке толмағандар көп. Тіпті итке таланғандардың арасында мүгедек боп қалғандары да бар дейді қоғам белсенділері.
Мұхтар Өтесов, қоғам белсендісі:
-Біз ана акиматқа да айттық, бәріне де айттық. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Акиматқа айтады, акимат ТҮКШ-ке айтады. Айналып келгенде мен де хабарласам. Айтатын әңгімелері, біз иттерді алып кетеміз, бірақ кейін қайта жібереміз дейді.
Осылайша, халықтың үні халық қалаулыларына жетті. Бүгін мәжілісімендер 2021 жылы қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды қайта қарады. Бұрынғыша қаңғыбас итті ұстап, оны зарарсыздандырып, екпе салған соң тіршілік ортасына қайта жіберуден еш нәтиже жоқ. Бұралқы иттерден жапа шекккендер көбеймесе азаймай тұр. 41 мыңнан аса адамды ит қауып, қауіп артқан. Соңғы төрт жылда төбеттердің тірі жанға шабуылы 28% өскен. Мәжіліс қабырғасында осы мәселе майшаммен қаралды.
Бұралқы иттің бүлігі азамай тұр. Әуелгі болып сөз алған Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, шамамен үш сағаттың ішінде, елімізде кемінде 15 адамды ит қабады. Орташа есеппен бір сағатта бес адам иттердің шабулына ұшырап, таланады екен.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл эмоция емес. Бұл құрғақ статистика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз бүгін адам қауіпсіздігі туралы, қоғамдық тәртіп туралы, мемлекеттің жауапкершілігі туралы, ең бастысы – адам өмірі мен денсаулығын қорғау туралы мәселені қарап отырмыз. Өңірлерде тұрғындармен кездескенде, ел бұралқы иттердің мәселесін шешуді бізге аманаттады.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жануарларды зарарсыздандыру және босату мәселенің шешімі емес. Бүгінде ашық күл-қоқыс көп, ондайда бұралқы иттерден қауіп жоғары. Ветеринариялық норма бойынша оларды кемі жылына 6 рет паразиттерден тазарту керек. Қаңғыбас жануарларды жиі тазалай алмаймыз. Ауылдық жерлерде иттерден инфекция көп табылған. Ал ұсақ малдан 40% паразит анықталды.
Енді бұралқы иттерді аулау тәртібі өзгеруі мүмкін. Мәжілісімендер жануарларды қайтарымсыз аулау моделін ұсынып отыр. Оған сәйкес, көшеде ұсталған бұралқы иттер қайта табиғи ортаға жіберілмейді. Кемінде 5 күннен 60 күнге дейін арнайы орындарда ұсталады. Одан әрі жаңа иелеріне табысталу қарастырылған.
-Бұған дейін қожайыны бар ит адамға, оның мүлкіне зиян келтірсе, қожайын жауап береді деген нормамен келдік. Орташа ауыр зиян келтірсе, оны эвтаназия жасау керек. Қазір біз осы нормаға байланысты жаңа норма ұсындық. Егер жаңа айтқан жағдай туындаса жеке тұлған 100 АЕК, лауазымды тұлға 200 АЕК , заңды тұлғаға 300 АЕК көрсеткіш қарастырады.
Төменгі палата депутаттары интернеттен иесіз иттердің балаларды талап жатқанын көргенде тыныш отыра алмайтынын айтады. Сонда да медициналық жолмен оларды жоюға қарсы жатқандар кездеседі. Оның себебі де жоқ емес.
Қазбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мысалы, иттерге күніне 5500 тг бөлінеді, ал мектепке баратын балаға 500 тг бөлінеді. Мысалы, Алматы облысы, Іле ауданы, Нұрғиса Тілендиев ауылында 2 шошқа базасы аздай, 2 ит питомнигі бар екен. 7000 ұрғыны бар ауылдың адамдары бізге хат жазып жатыр. Онда 500 ит ұсталады дейді. Ол 500 ит түнімен ұлиды. Кезінде қазақ ауылда шапқан, баланы қапқан итті ғана емес, ұлығанын тоқтатпаған итті де жамандық шақырады деп атып тастаған. Бұл жерде 500 ит түнімен ұлып жатса қандай болатынын білесіз. Ән дүлділі Нұрғисаның ауылында тұрғындары түнімен ән емес, иттердің ұлығанын тыңдап шығады екен.
Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге де әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Жаңа заңда 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Құжат Үкіметке жолданды.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов