Ақмола облысында өңірдің туристік және экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін маңызды жоба қаржы тапшылығына байланысты іске аспай тұр. Атап айтқанда, аймақтың тағы бір креативті хабына айналуы тиіс Зерендідегі тарихи-өлкентану мұражайының құрылысын жүргізуге мүмкіндік жоқ. Бұл туралы бүгін сенатор Талғат Жүнісов Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында айтты. Жоба мәдени мұраны сақтау, индустрияны дамыту және туристерді қолдау үшін көпфункционалды кеңістік құруды көздейді. Айтуынша, жобаның жалпы құны 1 миллиард 170 млн теңге. Былтыр «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылысты бастауға республикалық бюджеттен 200 млн теңге бөлінген. Ал қазір қаржы тапшылығына байланысты жоба тоқтап тұр.
Талғат Жүнісов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылы Ақмола облысының әкімдігі Ұлттық экономика министрлігіне бірнеше рет бюджеттік өтінім жолдады. Алайда аталған өтінімдер бюджет қаражатының тапшылығына байланысты қолдау таппады. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Зеренді ауылындағы визит-орталықпен біріктірілген тарихи-өлкетану мұражайының құрылысын аяқтау үшін ағымдағы жылы Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлуге жәрдем көрсетуді сұраймыз.