Қарағанды облысында 1 млн 93 мың гектар жерге егін егу жоспарланды

  • 10
  • 09.04.2026, 21:48

Биыл Қарағанды облысында 1 миллион 93 мың гектар жерге егін егу жоспарланған. Бұл былтырғыдан 27 мың гектарға артық. Өңір шаруалары егінге қажетті тұқым сапасын арттыру үшін сандық жүйемен жұмыс істейтін технологияны кеңінен қолданып жатыр. Мысалы, Нұра ауданының Шахтерское ауылындағы элиталы астық өндіретін шаруашылық тұқымды тазалап және химиялық өңдеуден өткізетін заманауи кешенді іске қосқан болатын. Нәтижесінде мол өнім алып отыр.

Қарағанды облысының фермерлері көктемгі егін салу науқанына 100 мың тонна тұқым әзірлеген. «Егін жақсы шығу үшін тұқымға баса мән беру керек»,- дейді агроном мамандар. Мысалы, мына біз тұрған шаруашылықта тұқымды сандық жүйемен тазалайтын кешен іске қосылған. Мұнда сағатына 20 тоннаға дейін тұқым тазартылады.

Әмбебап кешенде әрбір түйір дән сұрыпталып, зиянкестерге және биологиялық зақымдануға қарсы өңдеу жүргізіледі. Ол үшін 4 сұрыптайтын және бір фотосүзгіш қондырғы орнатылған. Нәтижесінде сапасы жоғары тұқым дайындалып, алқапқа себіледі. «Соның арқасында егін бітік шығып, күзде мол өнім алуға болады»,- дейді мамандар.

Олжас Құттымбек, агроном:

- Осы 4 машина арқылы біздің ойлаған жаңағы көрсеткішімізге жетпейтін болсақ, фотосепаратор арқылы тазалаймыз. Ол дегеніміз арасындағы ауруларын, сыртындағы жаңағы қарасы бар, сапасын 99,9 пайызға дейін жеткіземіз. Тазаланған тұқымды біз әрі қарай дәрілеп, сосын біз оны ары қарай қаптарға қаптап беруге дейін мүмкіндігіміз бар.

Биыл алқаптағы жұмысқа 11 мың трактор  және 10 мыңнан астам топырақ өңдеу, тұқым себу техникалары шығады. Қазір шаруашылықтарда техникаларды дайындау жұмысы қыза түскен.

Сергей Кручинин, бригадир:

- Көктемгі егін салу науқанына дайындалып жатырмыз. Техникаларды , агрегаттарды тексеріп, ақауын жөндеп, майын ауыстырамыз. Жаңадан екі тұқым себетін техника алдық. Мамандар құрастырып жатыр. Күн жылып, жер кепкен кезде жұмысты бастап кетеміз.

Биыл Қарағанды облысында 1 миллион 93 мың гектар жерге дәнді-дақыл егіледі. Бұл былтырғыдан 27 мың гектарға артық. Нарықтық сұранысқа байланысты майлы дақылдар алқабы кеңейтілген. Шаруашылықтарға 17 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны жеткізілді.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит