ШҚО-да әлеуметтік сауда нүктелері пайда болды

  • 10
  • 09.04.2026, 21:42

Дүкен сөрелеріне өңірлік тұрақтандыру қорынан жеткізілген көкөніс, сүт өнімдері қойылған. Қазір Риддер қаласында пияз-картоп, сұйық майды 10 пайыз жеңілдікпен сатып алуға болады. Сондай-ақ Шемонаиха кәсіпкерлері бау-бақша дақылдарын қолжетімді бағамен сату жолдарын жергілікті әкімдікпен бірлесе қарастырып жатыр.

Риддер қаласында 2 әлеуметтік дүкен пайда болды. Жуырда тағы екі шағын ауданда осындай сауда нүктесі ашылады. Мақсат айқын. Халық бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік құнын төмендету әрі заңсыз базарларды жою. Мәселен, көшеде картоптың бір келісі 220-240 теңге аралығында сатылады. Әлеуметтік дүкенде бір келісі 177 теңге. Сәбізді нарықтағыдан 36 теңгеге, қырыққабатты 37 теңгеге арзан сатып алуға болады. Сұйық майдың  да бағасы қолжетімді.

Өңірлік тұрақтандыру қорынан босатылған көкөніс пен азық-түлік сатылатын дүкендер тұрғындарға жақсы таныс. Көпшілік таңсәріден кезекке тұрып, керек затын алып жатыр.

Әлия Мағзұмова, сатушы:

-Тауарлар бізге күн шықпай тұрып жеткізіледі. Осы аралықта кісі кезегі көбейеді. Тұрғындар көкөністерді сөреге түскен бойда алып кетуге асығады.

Светлана Немцева, қала тұрғыны:

-Мұндай сауда орындары халыққа керек. Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік сатылатын орындардың іші кең әрі сауда жасауға ыңғайлы етіп салынса, тіптен жақсы болар еді.

Әлеуметтік дүкендерге азық-түлік тұрақты түрде жеткізіліп отырады. Осы мақсатта қала әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасаған. Құжатқа сәйкес сұраныс ең жоғары көкөніс, тағы басқа тағамдарға үстемақы 10-15 пайыздан аспауы тиіс.

Әсел Жұмабаева, Риддер қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

-Оның ішінде қант, күріш, шемішкі майы бірқатар кәсіпкерлерде әлеуметтік жауапкершілік аясында көкөніс өнімдерімен қоса алғанда тауарлар нарықтық бағадан төмен бағада сатылады. Осы павильон ішінде бізде бакалея мен көкөніс тауарлары бар.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстан облысында көкөніс кластерін құру қолға алынды. Жоба Өскемендегі көтерме сауда орталығының қоймасынан көкөністердің делдалсыз, заңды бөлшек сауда арқылы сатылымға шығаруды көздейді. Бұл бағытта дайындық жұмыстары әлі де жалғасуда. Әзірге тұрақтандыру қорынан бөлінген 250 тонна картоп, 35 тонна сәбіз бен 40 тонна жуаны мамыр айының соңына дейін төмендетілген бағада сату күн тәртібінде тұр. 

Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин