Халықаралық шара төмен көміртекті энергетика көздерін, соның ішінде жасыл сутегі технологияларын дамытуды көздейді. Сайысқа Әзербайжан, Өзбекстан және өңірлерден келген 8 команда қатысуда. Ойы ұтқыр, жобасы ең үздік деп танылған жеңімпаз топ шетелге барып, болашақ әріптестерімен өзара тәжірибе алмасады. Байқауда барлығына бірдей ортақ тапсырма берілді. Мақсат – командалардың инженерлік әрі ғылыми ойлау қабілетін сараптау. Әр топ жасыл сутегіні өндіру, оны сақтау және тасымалдау бойынша өз жобасын ағылшын тілінде баяндады. Берлин университетінің сарапшылары шараға онлайн қосылып, қатысушыларға менторлық қолдау көрсетті. Айта кетсек, Маңғыстауда жаңартылатын энергия көздері бойынша бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Мәселен, неміс компаниясы жел, күн станциялары және суды электролиздеу арқылы жылына 2 млн тонна жасыл сутегі өндіруді жоспарлап отыр.
Дінмұхамбет Баимбетов, Yessenov университетінің кафедра меңгерушісі:
-Орталық Азиядағы орынды белгілеу, қай жерден жасыл сутегіні өндіру ыңғайлы деген тапсырма берілді. Әзірге үшінші команда өзінің жобасын қорғап жатыр. Екі команда да Маңғыстауды таңдаған болатын. Хакатон жеңімпаздары Германияға қысқа мерзімде тәжірибе алмасуға барып келуге мүмкіндік алады. Ол Берлин техникалық университетіне және Гамбург университетіне.