Ұлттық ұланда сарбаздардың көңіл күйін бақылауға арналған «ақылды» камералар сынақтан өтіп жатыр. Президенттің цифрландыруды дамыту тапсырмасы аясында Ішкі істер министрлігі жаңа жүйені іске қосқан. Жабдық қолданыстағы камераларға қосылып, бейнеағынды тәулік бойы үздіксіз талдайды. Оның ерекшелігі – сарбаздардың күнделікті жүріс-тұрысы мен мінез-құлқын, эмоциялық жағдайын саралап, күмәнді белгілерді анықтайды. Барлық бейнематериалдар арнайы платформада сақталады. Әлібек Әбділов, Ұлттық ұланның ресми өкілі:
- Пилоттық - жоба Астана қаласындағы 5573 әскери бөлім базасында іске қосылып, қауіпсіздік деңгейін арттыруға әрекет ету мүмкіндіктерін күшейтуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Сарбаздардың мінез-құлқы үлгілері мен эмоционалды жәй күйін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл психолог мамандардың жұмысын тиімді етіп, алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауға жағдай жасайды.