Елде ажырасуға ниет білдірген жұптарға медиацияны міндеттеу қажет. Сонда ерлі-зайыптылар сотқа жетпей-ақ, келісімге келуі мүмкін. Президент жанындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашеваның қатысуымен өткен жиында сарапшылар осындай бастама көтерді. Олар бұл қадам ажырасу санын азайтарына сенімді. Қазір медиация тек тараптардың келісімімен жүзеге асады. Соған қарамастан, бұл институт жұптардың шамамен 25 пайызын татуластыруға сеп болған. Сондай-ақ мамандар ажырасу тәртібін қатаңдатуды да ұсынды. Себебі бүгінде неке бұзу туралы өтінімді телефон арқылы қалдыруға болады. «Бұл асығыс шешімдердің үлесін көбейтіп, шайқалған шаңырақтар санын арттырып отыр»,-дейді.
Снежанна Имашева, ҚР Президенті жанындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл:
-Ювеналдық сотта бүкіл отбасыға қатысты мәселелер қарастырылады. Сондықтан осы жерде медиаторлар, психологтар жұмыс істейді. Енді бұның өте жақсы нәтижесі бар. Ажырасуға келген немесе дауласуға келген азаматтардың ішінде медиатор және психологтармен даулар шешіліп, 25 пайызы сотқа жетпеген.