«Әзірге елді мекендерге қауіп жоқ. Алайда жол қатынасында қиындық болуы мүмкін»,- дейді мамандар. Жолды су шайып кетсе, сол маңдағы ауылдар аудан орталығымен байланыссыз қалады. Сондықтан өзеннің ағысын ескі арнасына қарай бұру жұмыстары жүргізілуде.
Күршім бастауын Сарымсақты, Алтай, Күршім тауларынан алады. Көктем сайын тау суы мен қар суы қосылғанда өзен күркіреп ағып, арнасынан асады. Бақылап отырмаса, бір сәтте жолындағысын жайпап өтуі мүмкін. Оның үстіне тамырымен опырылып, суға түскен ағаштар ағысқа кедергі болады.
Жақсыбай Ыдырышев арқыраған өзеннің ағысына қарсы тұрып, ауыр техникамен ары-бері өтеді. Қазір мұнда маңызды жұмыс жүріп жатыр. Мақсат – арнасынан ауытқыған Күршімді бұрып, ескі жолына салу.
Жақсыбай Ыдырышев, мердігер:
- Ұзындығы 700-800 метр тереңдігі 2 метрден, 40 метр жалпақтықта қазып шықтық, материал болғанда сол тоғайлар судан шыққан гравилер пайдаланмыз. Бурабай-Маралды тас жолын су басып қалмау үшін судың бағытын өзгертіп жатырмыз.
Өткен күзде су көтеріліп, жолды басып қалған қалған еді. Қазір де өзен арнасынан асып, жолға қарай жайыла бастады. «Демек жеделдетпесе болмайды», - дейді мамандар.
Талғат Бақтияров, Күршім ауданы Абай ауылдық округінің әкімі:
-Қазіргі таңда бізде өлшеуіш бар, 35 см көрсетіп жатыр, критический дейміз ғой, ең қауіпті жағдай 1 м, бірден асып кетсе, ол өте қауіпті жағдай, енді оған апармас үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, өте қауіпті учаскелерде жұмыс жүргізіп жатырмыз, резервтен 24 миллион теңге ақша бөлініп, қазір мердігерді тауып, ақшаны игеріп жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Тасыған өзеннің арнасын бұру оңай емес. Жұмысшылар бар күшті жұмылдырып жатыр.
Эльмира Ахметова, тілші:
-Бұл жердегі шаруаның жылдам жүруі Күршім өзенінінің ағысына тәуелді. Қазір техника күнделікті жұмыс істеп жатқанымен, сәуірдің 15-не қарай мүлдем тоқтап қалуы да мүмкін. Өйткені ол кезде өзен деңгейі күрт жоғарылап, тура осы жиекке дейін жетеді. «Тек мамырдың соңына қарай су қалыпқа түсіп, арнаны бұру шаралары жалғасады»,- дейді мамандар.
Теректібұлақ ауылының тұрғыны Әлихан Смағұлов Күршімнің тасығанын талай көрген. Содан болар, көктем сайын жағаға келіп, бақылап жүреді. «Бастысы жолды шаймай, көпірді құлатпай өзен өз бетімен ағып жатса болды», - дейді ол. Өйткені жүздеген адамның тірлігі осы тасжолға қарап тұр.
Әлихан Смағұлов, Теректібұлақ ауылының тұрғыны:
- Бұл - өте қауіпті Бұл енді дер кезінде істетіліп жатқан жұмыс деп ойлаймын, өйткені мына алдарыңыздағы тас жол – Күршім-Теректібұлақ ауылын жалғайтын жалғыз ғана жол. Бұл жолы шайып кетсе, басқа ауылға баратын балама жол жоқ.
Қар еріп жатқанымен, облыс аумағының 30 процентінде жер әлі қараймады. Демек, арқаны кеңге салуға ерте. Құтқарушылар өлкедегі өзен-көлдердің деңгейін, қар қабатының өзгерісін күн сайын әуеден барлап жүр. Оған қоса 51 гидробекет тәуліктік режімде мониторинг жүргізіп отыр. Өйткені тасқын болу қаупі жоғары 71 елді мекен бар. Әзірге су басу жағдайы тіркелген жоқ.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов