Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлыстың ұлы күнін жаңа сипатта атап өтті. Мерекеде салт-дәстүр, ұлттық ойындар заманауи технологиямен үйлестірілді. Атап айтқанда, белгілі тұлғалар, оның ішінде әл-Фарабиді жасанды интеллект арқылы сөйлету, «Наурыз-көже дайындау» челленджі ұйымдастырылды. «Ұлттық киімдегі заманауи дефиле», онлайн бата жіберу, сондай-ақ студенттердің Наурыз нышандарын цифрлық өнер туындысы ретінде бейнелеуі ұлттық мерекеге жаңа сарын сыйлады. Заманауи трендтер мен ұлттық құндылықтардың тоғысуы шетелдік студенттерге қазақтың бай мәдениетін танытуға үлкен мүмкіндік берді.