Өскеменде Ертіс пен Үлбіде су көбейіп, арнасына тола бастады. Кейбір жағалауға су жайылып жатыр. «Дегенмен алаңдауға негіз жоқ», - дейді мамандар. Өйткені су электр станциясы жіберілетін су мөлшерін екі есе арттырып отыр. Қазір ол нысаннан секундына 1200 текше метр су шығып, өзенге құйылып жатыр.
Гидролгтардың айтуынша, бұл арнайы реттелген процесс. Әрі тасқынға қарсы шара деуге болады. Осы шешім арқылы Бұқтырма су қоймасындағы су деңгейі мен экожүйе тепе-теңдігі сақталады. «Жіберіліп жатқан су көлеміне ғарыштан мониторинг жасалып, нақты есеп-қисап жүргізіледі дейді»,- станция өкілдері.
Олег Изотов, Өскемен су электр станциясының өндіріс бойынша бас директоры:
- Су жіберу көлемін арттыру жыл сайын жүргізіледі. Бұл Ертістің экожүйесін қолдауға арналған маңызды шара. Өскемен су электр станциясында тасқын кезеңіне дайындық күзден басталды. Негізгі құрылғылардың барлығы жаңартылып, жөнделді. Технологиялық басқару жүйесі де тексерілді.