Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағы маңындағы жаяу жүргіншілер көпірімен жүру қауіпті. Аспалы көпір тозып, тесіктер пайда болған. Өткелдің жағдайына алаңдаған тұрғындар әлеуметтік желілерде шағымдануда.
Әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер көпірінен күн сайын жүздеген адам өтеді. Саябақа серуендеуге келгендер де жолдан көпір арқылы өтеді. «Алайда аяғыңның астына қарап жүрмесең, тесікке сүрінуің әбден мүмкін», - дейді тұрғындар. Көпірдің жабыны тозып, құрылымы әбден ескірген.
Индира Байменова, қала тұрғыны:
- Қорқынышты болды, үстінде тұрып, Алматының көркем көрінісімен фото жасайын дегенбіз, кәдімгідей дірілдеп, үстінде шынымен тұрардай емес. Тұрғындар үшін өте қауіпті деп ойлаймын, әсіре саябаққа келетін балалар үшін. Кәдімгі баланың аяғы түсіп кететіндей дәрежеде ойықтар болды.
Эмиль Талыбов, қала тұрғыны:
- Жөндеу жүргізбесе болмайды. Себебі адамдар көп жүреді, әсіресе балалар. Біз енді қорықпаймыз ғой, өте береміз. Тесіктерді байқадым, бірақ аса мән бермедім.
Бұл өткел 2010 жылдардың басында салынған. Қолданыста болғанына 20 жылға жуықтаған. Алайда осы жылдар ішінде күрделі жөндеу жүргізілмеген. Салдарынан түрлі ақаулар пайда болған. Қазір нысанда қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Мердігерлер көпірдің техникалық жағдайын жақсартуға уәде беріп отыр. Алайда жөндеу кезінде жаяу жүргіншілер үшін уақытша шектеулер болуы мүмкін.
Талғат Бербаев, мердігер компанияның басшысы:
- Әл-Фараби мен Дулати қиылысындағы жаяу жүргіншідер көпірінде жұмыстар басталды. Қазіргі таңда бөлшектеу жұмыстары жүріп жатыр. Ең басты мақсат – көпірдің техникалық жағдайын жақсарту.
Жалпы қала бойынша жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қолға алынды. Биыл Алматы қаласында екі мыңнан астам жаяу жүргіншілер өткелін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар қосымша жарықтандыруы бар өткелдер де жасақталуда. Жұмыстар кезең-кезеңімен, көбіне түнгі уақытта жүргізіледі.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон