Ең алдымен мұндай мәртебе Курчатов қаласына берілуі мүмін. Мәжіліс тиісті заңды талқылады. Құжатта ғылыми-технологиялық парктерді ұйымдастыру тетіктері де қамтылған. Осы арқылы зерттеушілерді қолдауға құқықтық негізі жасалды. Депутаттар сондай-ақ Қазақстанда ұлттық рейтингтік агенттік құру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды.
Соңғы жылдары ғылымды дамыту туралы жиі айтылып жүр. Депутаттар сол ұсыныстар негізінде арнайы заң жасап, зерттеушілердің құқығын бекітіп берді. Құжаттқа «ғылыми аумақ» ұғымы енгізіліпті. Бұл Курчатов сияқты зерттеуге басымдық беретін ғылыми қалалар құрылады деген сөз. Нақты мәртебесі болған соң оғын қаржы тарту, зерттеушілерді шоғырландыру, үздік жобаларды өндіріске енгізу жеңілдейді. Мемлекет тарапынан зертханаларды ортақ пайдалану сияқты түрлі жеңілдіктер беріліп, білім гранттары артады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір сөзбен айтқанда, іс жүзінде тұтас экожүйе қалыптасады. Ғалымның зерттеуінен бастап оны өндіріске енгізу мен коммерцияландыруға дейінгі жол ашылады. Ғалымдар енді бөлінген қаражаттың 70–80 пайызын емес, толық 100 пайызын алып, жоспарланған уақытты да толық пайдаланып, сапалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік алады.
Ұлттық рейтинг агенттігі құрылады
Сондай-ақ Қазақстанда ұлттық рейтинг агенттігі құрылады. Тиісті заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта рейтинг қызметін ұйымдастыру, оның түрлері мен оны жүзеге асыруға қойылатын талаптар қарастырылған. Мамандардың айтуынша, өз рейтингтік жүйемізді қалыптастырсақ, шағын және орта бизнестің қаржы нарығына шығу жеңілдейді. Оған қоса банктер, зейнетақы қорлары және сақтандыру ұйымдарының жұмысына да оң әсер етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, мұндай қызметті бүгінге дейін негізінен шетелдік компаниялар көрсететін. Депутаттық сауалдар кезінде Олжас Құспеков тұрғын үйлердің жанында өрт сөндіру дәліздерін құру мәселесін көтерді. Айтуынша, жедел қызметтердің жолын бөгейтіндер аз емес. Астанада бірер күн бұрын 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында өрт шыққанда басты кедергі тудырған қандай фактор екені бәріне белгілі.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Еліміздегі өрттердің 60 пайыздан астамы тұрғын үйлерде орын алады. Құтқарушылар үшін аулаларда арнайы жолақ жасап, ол жерге көлік қалдыруға тыйым салу керек. Сонда құтқарушылар шақыртуға шұғыл жете алады. Соңғы жағдай әр секунттың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осы ұсынысты сарапқа салып, тиісті шара қабылдауды сұраймыз.
Депутаттар жалған ақпарат пен жалған атақ тарату үрдісіне тоқтау салу туралы бастама көтерді. Елімізде арзан атаққа, мақтангершілікке әуес азаматтар мен оны сататын пысықайлар көбейіп кеткен. 300 мың теңге төлесең, өзіңді де, ата-бабаңды да «алтын адамдар» қауымына қосып беретін пысықайлар пайда болыпты. «Мұндай дарақылықты тоқтату керек», - деді депутаттар.
Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин