Құрылыс мамандарын даярлауда ЖИ кеңінен қолданылуы тиіс – министр

  • 9
  • 15.04.2026, 21:37

Елімізде құрылыс саласының мамандарын даярлауда жасанды интеллект кеңінен қолданылуы тиіс. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Оның сөзінше, құрылыс пен сәулет бағытында цифрлық технологиялардың маңызы арта түскен. Бұл мәселе Алматыда өткен халықаралық конференцияда кеңінен талқыланды. 

Қазақстанда цифрлық және жасанды интеллект дағдыларын меңгерген маман тапшы. Сұранысты өтеу үшін Президент тапсырмасына сәйкес былтыр AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. Бір жылда 673 мың студент осы курстан өтті. Олардың арасында болашақ сәулетшілер де бар. Себебі ақылды технологияларға құрылыс саласы да ден қойып отыр. Министрдің айтуынша, жасанды интеллект жобалау кезеңінде кеңінен қолданылады. Ол құрылысты жоспарлауды жеңілдетеді. Сондай-ақ ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Бұл ең соңғы үрдістер. BIM қазір Building Information Modeling деген ең соңғы цифрландыру модельдері. «Цифрлық егіздер» деген ұғым да бар қазір. Яғни құрылыс ісінде, сәулет ісінде кез келген ғимаратты жоспарлаудың алдында оның толық цифрлық моделі жасалады. Өте үлкен үрдіс – жасанды интеллект. Қазіргі таңда бүкіл жоспарлау жұмыстары, оның алдын ала қауіп-қатерлерін тексеру жұмыстары жасанды интеллект модельдері арқылы жасалатын болады.

Бұрын архитектор дегенде көз алдымызға сызғышпен жұмыс істейтін маман елестейтін. Ал қазір бұл түсінік өткеннің еншісінде. Халықарлық конференция Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясың базасында өтті. «45 жылдың ішінде архитекторларды даярлайтын оқу бағдарламалары түбегейлі өзгерді», - дейді мамандар. 

Бақтияр Сабденалиев, Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры:

- Барлығы компьютер негізінде және жасанды интелектінің көмегімен, рендорларды да, барлық 3Д модельдерді де жүйелеудің барлығын жасанды интелект арқылы жасайды. Сондықтан қазіргі архитектор тек қана геометриялық, физикалық, математикалық және түбегейлі жобалау құзіреттіліктерін ғана үйреніп қоймайды. Сонымен қатар сандық ойлау жүйесін де, сандық шешімдерді де қолдануы тиіс.

Жиынға 12 елден 40-қа жуық құрылыс саласының сарапшылары қатысты. Шетелдік мамандар ғимараттарды жобалау кезінде тәуекелдерді азайтатын технологиялармен бөлісті. Жаңа тәсілдер жер сілкінісі қауіпі жоғары аймақтар үшін ерекше маңызға ие.    

Томас Друэн, инженер, Жапония:

- Жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес. Біздің мақсатымыз – жер сілкінісінен кейінгі шығынды азайту. Жалпы қатты жер сілкіністері сирек болады. Алайда қоғам мен инфрақұрылым бұндай жағдайларға дайын болуы керек. Біз жасанды интелектіні кеңінен қолданамыз. Солардың бірі жер сілкінісінен кейінгі ақпаратты талдауда арналған. 

Конференцияда экологиялық мәселелер де талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы өндірістік аумақтарды қайта жаңғырту маңызды. Сондай-ақ «жасыл құрылыс» қағидатын дамыту қажеттігі айтылды. 

Ернұр Рысбай, Айдос Қалиев, Абен Нарымбаев