15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні

  • 10
  • 15.04.2026, 21:54

Елімізде 2011 жылдан бастап сәуір айының 15-де аталып өтіледі. Ел арасында бұл күнді – «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күні деп те атайды. Еш құжатта көрсетілмесе де, жастар арасында кейінгі жылдары кең танылған мерекенің маңызы неде? Бұл күн отбасы құндылығын дәріптеуге негіз бола ала ма? 

Қазбек пен Гүлдана 20-21 жастарында танысқан. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына арман қуып келген жастар бір-біріне алғаш көргеннен ғашық болады. Қазіргі уақытта бір-бірін толықтырып отырған өнерлі отбасы. Отасқандарына биыл 8 жыл. Қазбек болашақ жарына Праиж төріндегі Эйфель мұнарасының алдында сөз салған. 

Қазбек Есқара, Музкалық жас көрермен театр актері:

- Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр. Сондай бір қанатты, керемет сөз бар. Сол айтқандай, бізді таныстырған, табыстырған сол академия қабырғасында жүріп басталған – махаббат. Барша ғашықтарға тек қана жақсылық тілейміз. 

Гүлдана Әбдісадық, актриса:

- Иә, бізді табыстырған өнер жолы. Өнер жолында әлі қол ұстасып бірге келе жатырмыз. Әлем махаббатпен әдемі ғой. Өмірлеріңіз әдемі болсын. Мәңгі махаббат болсын!

Елімізде 15 сәуірді ғашықтар күні ретінде атап өту бастамасы 2011 жылы көтерілді. Мерекенің негізгі мақсаты – батыстан енген 14 ақпандағы әулие Валентин күніне балама ретінде ұлттық дүниетанымға жақын, тарихи негізі бар күн қалыптастыру еді. Осы орайда таңдау қазақтың ең көрнекті лиро-эпостық жырларының бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармасына түсті.

Қазақ эпосының кейіпкерлері қашанда кіршіксіз сезімнің символы болып қала бермек. Мереке қарсаңында бізге пікір білдірген көпке үлгілі өнерлі жұп махаббат тек сүйіспеншілік сезімі емес, отбасы құндылығының бастауы екенін тілге тиек етті. 

Мирас Бекжанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

- Бүгінгі мереке баршамызға да құтты болсын! Елімізде бақытты отбасылар көп болсын! Құралай екеуміз қосылғанымызға 26 жыл болды. Құдайға шүкір. Енді жасымыздан екеуміз бір-бірімізбен қосылған соң, осы махаббат сезімін күнде қол ұстасып, бірге алып жүрміз. Міне, Валентин күнін ысырып, осы күнге жетіп жатырмыз. 

Бүгінде бұл күн жастар арасында ғана емес, жалпы қоғамда махаббатқа деген көзқарасты ұлттық тұрғыдан қайта пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды датаға айналып келеді. Осы ретте ел пікірін де білген едік.

Сауалнама:

- «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – жас ұрпаққа үлгі болатындай шығармалардың бірі. Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі қазіргі жастарға керек деп ойлаймын. 

- Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнінде маған сөз салғанына бір жыл болады. Біз күні кеше Атыраудан келдік. Енді соны тойлаймыз ба деп отырмыз.

- 15 сәуірді үй-ішімізбен асыға күтеміз. Сол жастарды, жас махаббат иелерін құттықтаймын. Бақытты болыңдар!

- Мерекені жай ғана мейрам дей бермей, оның ары қарай құндылығын түсіндіру керек. Махаббат болса, барлық жерде өмірдің өзі жақсара береді.

Сұлухан Абдулла, тілші:

- Ұлттық ғашықтар күні – тек мереке емес, ол қазақ халқының рухани мұрасын жаңғыртудың бір көрінісі. Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек сынды дастандар ұрпақ санасына адалдық, сүйіспеншілік, адамгершілік сынды құндылықтарды сіңіре бермек.

Сұлухан Абдулла, Мейрамбек Қайыркелді