Бірінші шілдеден бастап елімізде ипотека беру тәртібі өзгереді. Енді банктер қарыз алушыны бұрынғыдан да қатаң тексеріп, әр азаматқа жеке пайыздық мөлшерлеме ұсынады. Сарапшылар: «Бұл өзгеріс біреулерге тиімді болса, енді біреулер үшін баспана алуды қиындатады», - дейді. Жаңа талаптар нарыққа қалай әсер етеді? Үй бағасы қалай құбылуы мүмкін?
Дана Әлиева, тілші:
- 1 шілдеден бастап ипотека бұрынғыдай «бәріне бірдей» қолжетімді болмайды. Банктер енді әр клиентті жіті сүзгіден өткізіп, тек төлем қабілеті жоғары азаматтарға мүмкіндік береді. Ал табысын растай алмайтын немесе қарызы көп адамдар үшін баспана алу қиындай түспек.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Азаматтардың ресми түрде жарияланған кірістері есепке алынатын болады. Бұрында біз қосымша кірістер деп тағы да басқа үшінші тұлғаларды қосу арқылы ипотека алу кезінде жеңілдік қарастыратын болсақ, бұл жерде сіздің барлық сырттан табатын табысыңыз, өзіңіздің жалақыңыздың барлығы да ресми түрде шот арқылы өтетін болса ғана сіздің несие алу мүмкіндігіңіз артады.
Енді банк сіздің айлығыңызға ғана емес, бүкіл қаржылық «портретіңізге» тұтас қарайды. Яғни қанша қарызыңыз бар, төлем тарихыңыз қандай, несиелерден артылған ақшаңыз күнкөріске жеткілікті ме – бәрі ескеріледі. Тіпті ұсақ бөліп төлеу мен кешіктірілген төлемнің өзі шешуші факторға айналуы мүмкін.
Диана Үмбет, риелтор:
- Егер де бастапқы жарнаңыз дайын болса, өзіңіздің табысыңызды дәлелдей алсаңыздар, онда бірінші шілдеге дейін әрекет ету жөн болады. Өзімнің айтар кеңестерім – историяны реттеу, бүкіл рассрочкаларды алдын-ала жабу. Ипотекаға әсер ететін фактілер негізі ол көбінесе осы рассрочкалар. Осы ұзақ қарыздарды мысалы, просрочкамен көбінесе жабады ғой адамдар. Сол қатты әсер етуі мүмкін.
Мұндай өзгерістер нарыққа да әсер етеді. Сарапшылардың болжамынша, алғашқы айларда сұраныс азайып, баға уақытша төмендеуі мүмкін.
- Бірақ бұл қысқа мерзімде. Одан кейін нарықтың өзі сапалы сатып алушыларға қарай ауысады. Бұрынғыдай әрбір сатып алушы ресми, ресми емес жалақыларын көрсететін болса, ендігі нарық кімнің табысы жоғары, кімнің бастапқы жарнасы жоғары, бұрынғыдай 20 емес, сіз 30-40 пайыз төлейтін болсаңыз, ипотека алу мүмкіндігі артады. Сондықтан азаматтар осы бастан қосымша жарнаға қойылатын қаражатты да көбейтуге назар аудара бастайды. Міне, осындай факторлардан кейін нарық бір қалыпқа түседі де, ол бір жарты жыл – бір жылдан соң қайтадан қымбаттайды.
Кейін үй бағасының қайта өсуіне құрылыс құны артуы мен инфляция өз әсерін береді. Сондықтан мамандар «үй аламын» дегендерге қазірден бастап қаржысын реттеп, қарыздан арылуға кеңес береді.
Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Мейірбек Беспаев, Самат Оспанов