Жетісу облысында балаларды кітап оқуға баулитын жоба жүзеге асып жатыр

  • 11
  • 16.04.2026, 21:39

Жетісу облысында балаларды кітап оқуға баулитын бірегей жоба жүзеге асып жатыр. Ерекшелігі сол, жас өрендерді қаламы қарымды журналист, елге танылған ақындар оқытады. Олар аудан-қалалардағы мектептерді аралап, әдебиетке қызығушылығы бар оқушылармен әдеби туындыларды талдайды. Мақала жазуға машықтандырып, өлеңнің құрылымын үйретеді. Игі шара Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қолға алынған. 

Текелі қаласындағы №5 мектептің оқушысы Ақмарал Бекейқызы жыл басынан бері жиырма кітап оқып үлгерген. Әдеби шығармаларды тұрақты түрде оқуды ол күнделікті әдетіне айналдырған. 

Ақмарал Бекейқызы, оқушы:

- Мен ең алғашқы кітап оқыған кезде кітап оқу жай ғана сөздік қорды толықтыру деп ойлайтынмын. Ал қазір кітап оқу санаға қанат бітіріп, әрі қарай сенің қиялыңды дамытып, өзің өмір сүрмеген әлемде өмір сүруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. 

«Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі деп аталатын бірегей жоба екінші жыл қатарынан жалғасып келеді. Ақын Жұматай Оспанұлы мен Мұхтар Күмісбек биыл да облыстағы аудан-қалалардағы мектептерде бір аптадан дәріс өткізеді. Жеткіншектерге тарихи тұлғаларымызды таныстырып, олардың шығармашылығы жайлы мол мағлұмат береді.

Жұматай Оспанұлы, ҚР Мәдениет қайраткері:  

- Бұл жобаның түпкі мақсаты – кітап оқитын буын қалыптастыру. Ағашты шыбық кезінде түзу өсіруге болатыны сияқты, біз де кітап оқитын ұрпақты мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеудеміз. Қазір алдымызда 6–10 сынып оқушылары тұр. Ертең олар кітап оқитын буынның бір бөлігіне айналады. Кітап оқуды бойына сіңіріп, кітаптың үнсіз ұстаз екенін насихаттайтын буын болып өседі.

Игі бастама былтыр қанатқақты жоба ретінде алғаш рет қолға алынған болатын. Жас өрендердің бір жылда жеткен жетістігі көңіл қуантып, көз сүйсіндіреді. 

Айгүл Қазайбек, оқушы:

- Дисциплина деген нәрсеге үйрендік. Дисциплина мотивациядан биік тұрады. Менің 112 кітап оқығаным дәл осы дисциплинаға негізделеді. Күніне 10 бет оқимын, 15 бет оқимын, ол әдет болып қалыптасады. Әдет болғаннан кейін оны ұмытпаймыз. Күнделікті оның саны жинақтала береді. 

Кітапқұмар оқушылар былтыр Абай Құнанбайұлының сарқылмас мол мұрасынан сусындаса, биыл Сайын Мұратбековтың шығармашылығымен танысады. Өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтетін жоба облыстық мәслихат тарапынан қолдау тапты. 

Гүлнәр Тойлыбаева, облыстық мәслихат төрағасы:

- Осы арқылы біз ертеңгі қазақтың ұрпағын, ертеңгі қазақтың зиялы қауымын тәрбиелеп жатырмыз. Бұл ертеңгі біздің мақтанатын еліміздің тарихын келесі ұрпаққа жалғастыратын азаматтар болатынына сенеміз. 

Мұхтар Күмісбек, «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебінің жетекшісі:

- Бұл Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жүзеге асқан дүние. Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып келе жатыр. Былтыр 400-ге жуық оқушыны оқытқанбыз. Биыл 500-ге жуық оқушыны қамтысақ па деп отырмыз. 

Маңызды жобаның жыл соңына қорытындысы шығарылады. Кітапты көп оқыған оқушылар қаржылай және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов