ШҚО-да мектеп автобустары тозып тұр

  • 9
  • 16.04.2026, 21:45

Көліктердің көпшілігі осыдан 20 жыл бұрын алынған. Әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақ арасында оқушылар тасымалдайтын транспорт әбден ескіріп кеткен. Сондықтан   ондағы білім беру мекемелері автокөліктің жаңартылуын асыға күтіп жүр. Өйткені жүргенінен тұрғаны көп автобустарды бұдан әрі пайдалану қауіпті. Жауаптылар бұл мәселені қалай шешпек? 

Күршім ауданында Бірлік, Бесжылдық,Барақ батыр ауылынан жиналған 22 бала осы сары автобусты сарғая күтеді. Өйткені жақындағы Сарыөлең орта мектебіне апаратын да, одан кейін үйлеріне тарататын да осы көлік.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Бұл автобус сыртынан қарағанда жап-жаңа болып көрінгенмен, балаларды тасымалдауға жайсыз суық, әсіресе қыста дизель отынымен жүретіндіктен оталмай қалатын кезі көп.

Сарыөлең мектебінің мұғалімі Бақыт Қалымова мұнда Бесжылдық ауылынан келеді. Жалғыз емес, 7 баласын ерте келеді. 6 баласы осында білім алса, біреуі мектепке дейінгі мекемеге барады. Көпбалалы келіншек: «Автобус сынып қалса да, сабақты босатпауға тырысамыз», - дейді.

Бақыт Қалымова, көпбалалы ана:

- Техника сынып қалған жағдайда балаларды сабақтан қалдырмау үшін   мектеп басқа жеңіл көлік жіберіп, балалардың сабаққа келуін қамтамасыз етеді.

Ерлан Сағындықов 13 жылдан бері   автобус тізгінінде. «Ескісінен құтылдым ба дегенде дизельді көлікке тап болып, әбден әуреге түстім», - деген ол балалар қауіпсіздігіге алаңдайды.

 Ерлан Сағындықов, автобус жүргізушісі:

- Өте маңызды, балалардың қауіпсіздігіне мен жауап берем, суық болса да, не болса да, жолда тұрып қалсақ та, балаларды жеткізіп, қайта үйлеріне апаруым керек.

Сарыөлең мектебі бұл автобусты көрші ауылдан сұрап, пайдаланып жүр. Өйткені өз көліктері 18 жыл жүріп, әбден ескіріп, қолданыстан шығып қалған. Сондықтан   әзірге   қолда барды місе тұтуға мәжбүр. Жалпы көліктен қысылып отырған Сарыөлеңдегі білім ошағы ғана емес. Облыста 126 мектеп автобусы бар. Соңғы бес жылда соның 26-сы ғана жаңартылыпты. Енді лизинг бойынша 100 көлік сатып алу жоспарланған.

Бұлбұл Қозыбаева, ШҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Лизингтің шарттары бойынша 7 пайыздан 12 пайызға дейін және 7 жылға беріледі, оң шешілген жағдайда алатын боламыз. Енді ол 100 автобусты биыл ғана аламыз деп айта алмаймыз, өйткені ол кезең- кезеңмен алынады, өйткені жүз автобустың бағасы үлкен сома, сондықтан кезең-кезеңмен жылға бөлініп алынатын болады.

Сонымен мектептердің автобус паркі қашан толық жаңартылатыны белгісіз. Айтпақшы, енді салалық басқарма дизельді отынмен жүретін транспорттан бас тартпақшы. Ал осыған дейін алынған ондай көлік түрлері қала маңындағы мекемелерге берілмек.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов