Петропавл тұрғындары екі айдан бері ыстық сусыз отыр

  • 10
  • 20.04.2026, 21:59

Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде екі айдан бері ыстық су жоқ. Көктем келгелі құбыр қысымы айтарлықтай төмендеп кеткен. Салдарынан жұрт газға шәугім қойып, су жылытып пайдалануға мәжбүр. Бірақ тұрғындар ыстық суға төлемді толық төлеп отыр. Қайтпек керек?

Шаһардағы мына көпқабатты үйдің тұрғындары бірнеше айдан бері ыстық судан тарығып отыр. Себебі құбырдағы қысым тым төмен. Төменгі қабаттарда су сыздықтап қана ақса, жоғарғы қабаттарға мүлде жетпейді. Сондықтан тұрғындар таңертең ерте немесе жұрт ұйқыда жатқанда ғана жуынуға мәжбүр.

Галина Жук, қала тұрғыны:

- Таңертең су қысымы төмен болады. Осылай сыздықтап тұрады. Кейін мүлде тоқтап қалуы мүмкін. Сосын жайлап қайта қосылады. Ал кешкі алтыдан түнгі он екіге дейін тағы су болмайды. Сондықтан суды сағаттап жинап алып жуынып жүрміз. 

Владимир Стельмух, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
- Тұрғындар жұмыстан келе сала: «Су не болды?», - деп хабарласады. Тіпті не айтарымды білмеймін. Су қысымы төмен. Халыққа басу айтудан басқа амалымыз жоқ. 

Талап бойынша тұрғын үйге берілетін су қысымы 2,2 болуы тиіс. Алайда датчиктегі көрсеткіш 1,8-ге дейін төмендеген. «Судың сыздықтап қалуы содан дейді», - жауаптылар. Алайда мәселенің нақты неден екенін айта алмады. Қазір жылу желілері жаппай тексеріліп жатыр.

Вячеслав Визеров, «Қызылжар су» ЖШС су бұру кешенінің басшысы:
-
Қазір су тарату кешенінен бастап, осы үйге су беретін құбыр бойымен тексеру жүргізіп жатырмыз. Желілердің барлығы тексерілуде. Оған біраз уақыт керек. Сондықтан бұл тез арада шешілетін мәселе емес. Қазір құбырлардың барлығын дерлік қарап шықтық. Енді соңғы учаскелер мен құдықтар, сондай-ақ үйдің өзі қалды. Егер біздің тараптан бәрі дұрыс болса, мәселе үйдің ішкі желісінде деген сөз. Оны да тексерту қажет болады.

Соңғы бір аптада дәл осындай мәселемен 15 көпқабатты үйдің тұрғындары шағымданған. Мамандар мұндай жағдай пәтер иелері кооперативінің өз бетінше жүргізген жөндеу жұмыстары салдарынан туындауы мүмкін екенін айтады. Сондықтан су құбырлары толық тексерілуде.

Мерей Бает, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков