Алматыда Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

  • 11
  • 21.04.2026, 21:32

Алматы халқы шындықтың үні, рухтың тірегіне айналған ақын Мұхтар Шахановты қимай ақтық сапарға шығарып салды. Алматыда өткен ақынмен қоштасу рәсіміне Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын жеткізді. Жиынға Халық жазушысының шығармасын жоғары бағалайтын оқырман, зиялы қауым өкілдері мен үзеңгілес достары жиналды. 

Қазақтың біртуар азаматы, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановпен қоштасуға келген адам қарасы көп. Саналы ғұмырында ұлт перзенті қазақ поэзиясының биік шыңына шыға білді. Оның шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала бермек. Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мұхтар ағамыздың қазасына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеделхат жолдап, отбасысы мен жақындарына көңіл айтқан еді. Президентіміздің көңіл айту жеделхатын оқып беруге рұқсат етіңіздер! «Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан, қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Әрқашан тіл жанашыры ретінде игілікті істердің бастауында болды. Шығармалары көптеген шет тілдеріне тәжімаланды. Жалынды жырларын қалың оқырман сүйіп оқыды. Өнегелі өмір сүріп,  соңына мол мәдени мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады». 

Қаралы жиында қырғыз жазушысы Чолпонбек Абыкеев Қырғыз Республикасы президентінің көңіл айту хатын жеткізді. Қарапайым оқырмандар да Мұхтар Шахановтың ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Қазақ әдебиеті алып бәйтерегінен айырылып отыр. Ақынның жалынды жырлары оқырман жадында сақталып қала бермек.

Жұмамұрат Шәмші, тарихшы:

- Өмір мынау, толған дау, толған егес,
Ұрпақ жоқта тарланың тарлан емес,
Арманың арман емес.
Өйткені ұрпақ тағдырынан маңызды
Бізге дейін ештеңе болған емес,
Және бізден кейін де болмақ емес! 

Әбдірахман Белғожаев, журналист:

- Қартаң әйел жұмысыма іздеп келіп, жылады:
«Жалғыз қызым бар еді, айнам,
Тірлігімнің шынары
Еркелеттім,
Өмірімді желкен еттім жолына.
Тек сол гүлдеп толыссын деп,
Тек сол кисін, сол ішсін деп,
Ештеңені аяғам жоқ, бәрін бердім қолына».

Мұхтар Шахановтың өмірінің көп бөлігі Алматыда өтті. Алып шаһардың тұрғындары қимастықпен ақынды соңғы сапарға шығарып салды. Халық жазушысы өзі аманат еткендей, кіндік қаны тамған жерге жерленетін болды.

Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев