Мұхтар Шаханов – ақиқаттың алдаспаны

  • 9
  • 20.04.2026, 21:33

Елін сүйген ер Шаханов – ақиқаттың алдаспаны, шындықтың жыршысы. Сонау 60-шы жылдары әдебиет әлеміне алғаш аяқ басқан сәттен-ақ өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді. Тіпті сол алтын дәуірдің көш басында тұрды. 

Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

- Мұхтар Шахановтың басты ерекшелігі – ол өзінің поэзиясында ауылды емес, ауылға деген сағынышты емес, аңызды арқау ете отырып, философиялық өлеңдер жазды. Бір қарағанда, сол кездегі формасының өзі тосын болып көрінгенмен, кейін оның поэзиямызға айшықты бояуымен сіңді. Былайша айтқанда, өзінің жаңалығымен келді, жаңа стиль, жаңа форма алып келді.

«Отырар», «Танакөз» поэмаларын, әнге айналған «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Жұбайлар жыры» өлеңін, жалынды жырларын білмейтін жан кемде-кем. Осылайша, оның шығармалары халық жүргенінен орын алып қана қоймай, қазақ әдебиетінің қоржынын байыта түсті. 

Өтеген Оралбаев, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Ол біздің абыз даланың аңыз перзенті еді. Оның өлеңдеріндегі қарапайым болып көрінетін жолддардың өзі тұнып тұрған философияға, терең парасат-пайымға құралған еді. Оның өлеңдерінің ерекшелігі ырғақтылығы жөнінен болсын, өлшемі, тармақтары жөнінен болсын леп әкелген поэзия болатын. 

Смағұл Елубай, жазушы, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Мұқаң қазақтың ұлттық құндылықтары дегенде ішкен асын жерге қоятын азамат еді. Ол кісі трибунада тұрса да, өлең оқыса да ылғы сол жанайқайы шығатын.  

Осынау қаймықпас қайсар болмысы Наурыз мерекесінің де қайта оралуына сеп болды. Мәскеуде өткен съезде Желтоқсан шындығын жайып салып, тұтас ұлттың талабын жеткізді. Оның бұл мәлімдемесі – Желтоқсан оқиғасына тарихи және саяси тұрғыдан қайта баға беруге жол ашқан маңызды қадам болды. Сондай-ақ Аралға араша түсіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін де мінбелерден көтерді. Осылайша, ұлттың мұң-мұқтажына азаматтық лирикасы арқылы үн қосты. 

Ғалым Жайлыбай, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Ол қайсарлықтың, рухтың ақындығы. Ол өзінің «Менің атымды неге Мұхтар қойған» деген өлеңінде айтады:

«Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған,   

Өзіме тән көгілдір аспан алам,

Әбділдә ақын бір басқа, Сырбай басқа,

Мен де ендеше, я, досым, басқа болам». Ол расымен басқа ақын болып өмірден өтті. 

Өмірден тек ақын өткен жоқ, ақын емес, қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі үзілді. Енді оның қос қолын сермеп күркіреп өлең оқығаны, дүркіреп жүргені естелікке айналды. Жай естелік емес, халқымен бірге мәңгі жасайтын өлмес, өшпес естелік.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

- Өзінің азаматтық міндетін адал атқарып өтті және ақиқаттың алдаспаны болды. Тілдің жыртысын жыртып, тілдің мемлекеттік деңгейіне жету үшін жан аямай күрескен халықтың қалаулысы да бола білді. Табанды, қайтпас қайсар қайраткерлігін де көрсетті. Бір жағынан қимастық, ондай енді қайраткер қайта туа ма дегендей. Бір жағынан ішімізде қалай болғанда да ол кісіге ризашылық сезім бар.