Қостанай облысында арнайы педагог маман тапшы

  • 11
  • 21.04.2026, 21:33

Қостанай облысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытатын арнайы педагогтар жетіспейді. Қазір өңірге сондай 51 маман қажет. Білім басқармасындағылар университет түлектеріне үміт артып отыр. Алайда жас мамандардың дені даму ерекшелігі бар балалармен жұмыс істеу қиындығынан қашады. Сондықтан бұл саладағы ауыс-түйіс әдеттегі құбылысқа айналған. 

Қостанайдағы №2 ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған балабақша-мектеп-интернат. Мұнда интеллект дамуы бұзылған 462 бала оқиды. Олармен тіл табысып,  қарым-қатынас орнатудың өзі арнайы дайындықты қажет етеді. Педагог-психолог Оксана Власованың осы салада еңбек еткеніне 16 жыл болыпты. «Тәжірибелі маман мұндай балалармен жұмыс істеу ішін бірінші кезекте төзімділік керек», - дейді. 

Оксана Власова, педагог-психолог:

- Бастапқы кезде қиын болғаны рас. Даму ерекшелігі бар балаларға бейімделе білу керек. Олармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, мінез, психикалық ерекшелігін тани білу маңызды. Әрине, оның бәрі ұзақ жылдарғы тәжірибемен келеді. Екінің бірі оған шыдамайды. 

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды арнайы педагогтар ғана оқыта алады. Жас мамандар келмейді емес, келеді. Бірақ көп тұрақтамайды. 

Әлібек Жігітов, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған  мектеп-интернат директорының орынбасары:

- Арнайы педагогика білім алған мұғалімдер олар шығады, шығарады, келеді, бірақ көбісі қиын, жұмыс істеу қиын, оңай емес негізі. Ауыс-түйіс көп. Тұрақтамайды. Логопедтер, дефектологтар, психологтар, тәрбиешілер қажет. Қазіргі таңда 10-15 маман керек бізге. 

Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 941 бала бар. Оларға психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық қолдау көрсететін 27 арнайы мекеме ұйым жұмыс істейді. Оның сыртында өңірдегі мектептерде инклюзияны қолдау, түзету кабинеттері ашылған. Қазір соларды сапалы мамандармен қамту – басым бағыттардың бірі. 

Анна Лазарева, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:   

- Облыста ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқитын 389 мектеп бар. Оларда 1046 маман жұмыс істейді. Әлі де 51 арнайы педагог қажет. Биыл жергілікті университетті осы мамандық бойынша 244 түлек бітіргелі отыр. Оның сыртында арнайы педагогтарды дайындау үшін мұғалімдерді жедел оқыту бағдарламасы қаралған. 

Инклюзивті білім беру жүйесін мамандармен қамту еліміз бойынша маңызды мәселеге айналып отыр. Сондықтан алдағы оқу жылынан 8 колледжде логопедтерді, 3 колледжде педагог-ассисенттерін дайындау қолға алынбақ.

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров