Биыл 10-сәуірден бастап шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдауды реттейтін қосымша шаралар енгізілді.
Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, жаңа тетік инвесторлар мен сұраныстағы мамандарды көптеп тартуды көздейді. Инвесторларға, яғни инвестициялық жобалардың басшылары мен қатысушыларына, олардың отбасы мүшелеріне А5 және А6 санатындағы визалар беріледі. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандарға да арнайы визалар қарастырылған. Олардың қатарында нейрохирург, гематолог, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологы, бактериолог, графикалық анимация технигі мен басқа да мамандықтар бар. Бүгінде тізімге 51 мамандық енген. Дегенмен экономикалық сұранысқа байланысты тізім жаңартылып отырады.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:
- Қазір көші-қон саясаты тұжырымдамасын 2030 жылға дейін іске асыру аясында аталған тізімді жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады. Сонымен бірге Қазақстан жоғары білікті мамандарға жаңа виза форматтарын енгізіп жатыр. Бұдан бөлек, шетел азаматтары салалық өкілетті мемлекеттік органдардың негізделген өтініш хаты арқылы да Қазақстанға жеңілдетілген тәртіпппен кіре алады.