Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқын қаупі сейілді. Қазір Петропавл қаласы маңында Есіл өзенінің деңгейі түсіп, жан-жаққа жайылған су тартыла бастады. Осыған байланысты бұған дейін жабылған айналма жол ашылып, көлік қозғалысына рұқсат берілді. Дегенмен саяжай қауымдастықтарына өту әлі мүмкін емес.
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқын жағдайын бақылау үшін 19 гидрологиялық бекет құрылған. Синоптиктердің соңғы мәліметіне қарағанда, қазір Есіл өзені сабасына түсіп келеді. Судың тартылуынан Петропавлдағы айналма жол ашылды.
Ескендір-Зұлқарнай Бағытжанов, инженер-гидролог:
- Петропавл қаласында Есіл өзенінің деңгейі қауіпті межеден 40 сантимтерге түсті. Өңірде көктемгі тасқын кезеңі қалыпты өтіп жатыр. Судың деңгейі 2024, 2025-інші жылдарға қарағанда әлдеқайда төмен.
«Дегенмен Есіл өзені қала маңындағы саяжай қауымдастықтарына қауіп төндіруі мүмкін», - дейді мамандар. Сондықтан бұл аумақтарда 3 бекет құрылып, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Полиция қызметкерлері тұрғындардың дүние-мүлкін де күзетеді.
Серік Әлжанов, қалалық полиция басқармасының бастығы:
- Қазір саяжай қауымдастығына баратын жол су астында тұр. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Бұл жерде полиция қызметкерлері күні-түні кезекшілік етеді.
Өңірдегі «Сергеев» су қоймасында көктемгі тасқынның алғашқы толқыны аяқталды. Қазір бөгет үстімен Есіл өзеніне төгіліп жатқан судың деңгейі – 96 сантиметр. «Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», - дейді мамандар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков