Енді аудандық білім бөлімдері оқу ошақтарын жаңартып-жаңғырту үшін облыстық білім басқармаларына алақан жаймайды. «Мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға осындай түзету енгізілуде.
Қазір елдегі мектептердің үштен екісі ауылдарда орналасқан. Саны 5 мыңнан асады. Сол білім ордалары бүліне қалса, бүтіндеуге келгенде ауыл әкімі дәрменсіз. Себебі мектеп пен балабақшаның бюджетін облыстық білім басқармасы бөледі. Кейде олардың батасын алу тым ұзаққа созылатыны жасырын емес. Қараған құжат аясында осы кедергіні алып тасау көзделуде. Алайда бір топ депутат: «Бұған жол беруге болмайды», - деп үзілді-кесілді қарсы шықты. «4 миллион баланың болашағын жергілікті билікке сеніп тапсыруға болмайды», - деді.
Бауыржан Омаров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Оның ішінде облыс тек қана балалардың жазғы демалысына қажетті шығындарды және ыстық тамақпен қамтамасыз ету шығындарын сақтап қалады. Қалған шығындардың барлығын аудандық деңгейге беру бойынша қорытынды келіссөз аяқталып біткен жоқ. Бірақ екінші оқылымға дейін біз енгізіп үлгереміз. Әрі қарай шешімді өздеріңізге ұсынатын боламыз.